Түркістандағы Ясауи кесенесі аллеясында көлікпен жүрген жүргізуші жазаланды

Qaz365.kz редакциясы

Жүргізуші жол қысқартпақ болыпты

Видеодан кадр

Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жасау кезінде жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушінің бейнежазбасын анықтады. Ол көлік жүруге болмайтын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдындағы аллеяда Hyundai Sonata автокөлігімен жүріп өтіп, жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Осы бейнежазбаға орай Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері дереу іздестіру шараларын жүргізіп, көлік жүргізген жас жігітті анықтады. Ол Сауран ауданының тұрғыны болып шықты.

Анықталғандай, жүргізуші кесене маңындағы тамақтану орнынан шығып, жол қысқарту ниетімен заңды бұзған. Ол өзінің кінәсін толық мойындап, алдағы уақытта қайталамайтынын жеткізді.

Қазіргі таңда жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын тротуарда тоқтату немесе оның тоқтап тұру қағидаларын бұзу, сондай-ақ көлік құралдарын гүлзарларда, көгалдарда, балалар немесе спорт алаңдарында тоқтату немесе оның тоқтап тұруы) бойынша хаттама толтырылып, көлік айыптұраққа қойылды.