ЕО-дан басқа елдердің жүк көліктері үшін жолды жапқан
21 ақпаннан бері Польша Еуропалық Одақтан басқа барлық елдердің тасымалдаушылары үшін жүк көліктерінің өтуіне тыйым салды. Соған байланысты Польша аумағында 400-ге жуық қазақстандық көлік тұрып қалған, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
«Министрлік жүк тасымалдаушылардың өтуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстандық тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдерімен бірлесіп, біздің жүк тасымалдаушылардың өзекті тізімін жасады. Сондай-ақ Варшава және Вильнюстегі Қазақстан елшіліктерімен бірлесіп, Польша және Литваның көлік саласындағы уәкілетті органдарымен қазақстандық көліктің шығуына рұқсат беру туралы келіссөздер жүргізілді», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетінің хабарламасында.
Енді қазір Литва Көлік және коммуникация министрлігімен автомобиль тасымалы бойынша аралас комиссияның отырысы өтіп, соның нәтижесінде Польшадағы қазақстандық жүк көліктерінің Литва аумағы арқылы өтуі туралы мәселе келісіліп отыр.