Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі суды ОА-ның 5 елі бірлесіп пайдаланады
Орта Азия елдері Қазақстанға көктемде егістікке қанша су беретіні белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Душанбе қаласында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 88-ші отырысы өтті. Жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан су шаруашылығы ведомстволарының басшылары қатысты. Тараптар Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінде вегетация аралық кезеңнің өту барысын қарастырған.
“Қазақстан Орталық Азия елдерімен келісімдер нәтижесінде көктемде 11 млрд текше метр су алады. Бұл биыл суару кезеңі үшін қажет су көлемін жинауға, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы экожүйені сақтау іс-шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Еліміздің оңтүстігіндегі жағдай батыс пен солтүстіктен өзгеше. Мұнда үлкен көлемдегі су тасқыны болған жоқ. Ал жазда суармалы суға деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан да біз оңтүстікті сумен қамтамасыз ету бойынша мүлдем басқа жұмыс жүргізіп жатырмыз. Су дипломатиясы – министрлік жұмысының маңызды бағыты. Осы келіссөздердің нәтижесінде өткен жылы еліміздің оңтүстігін сумен тұрақты қамтамасыз еттік. Су бөлу және трансшекаралық су нысандарын қорғау жөніндегі барлық мәселелерді Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімізбен бірлесе отырып шешеміз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Келісілген су көлемі Сырдария өзені арқылы Түркістан облысының Шардара су қоймасына келеді. Оның ішінде 1,6 млрд текше метр су Арал теңізіне жіберілмек.