Биыл бағдарламаға 6 921 035 бала қатысып жатыр
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша қазақстандық балаларға 888 млн доллар аударылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі мәлімдеді.
“2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтерген болатын. Осы бастаманың аясында 2025 жылы 18 жасқа толмаған қазақстандық балаларға 129,38 доллары көлемінде қаражат аударылды. 2024 жылы аталған бағдарламаға 6 919 131 адам қатысып (2006-2023 ж.ж. туған балаларды қоса алғанда), олардың әрбірінің шотына 100,52 доллар жіберілді. Аударылған ақшаның жалпы сомасы – 695,5 млн доллар. Тұтастай алғанда, осы бағдарламамен қамтылғандардың жалпы санынан 304 815 адам 2024 жылы 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 млн доллар аударылды. 2025 жылы әр балаға жаплы 129,38 доллар аударылды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың (инвестициялық кірісті қоса алғанда) жинақтарының жалпы сомасы 232,94 долларға ұлғайды. Биыл бағдарламаға 6 921 035 бала қатысып жатыр (2007 жылдан 2024 жылға дейін туған балалар). Олардың ішінде 324 430 азамат 2025 жылы 18 жасқа толады”, – делінген министрлік ақпаратында.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасының басты миссиясы – келер ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру арқылы қаржы ресурстарын үнемдеу жолымен әр балаға ұлттық байлықтан тиесілі үлесті беруді көздейді. Ұлттық қордың қаражатын жас отандастарымызды қолдау мақсатында пайдалану – еліміздің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық шешім. Аталған бастама өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етіп, кейінгі ұрпаққа болашаққа зор сеніммен қарауға мүмкіндік бермек.