Көліктердің орташа жылдамдығын есептейтін жүйе қашан іске қосылады

Nur-Altay Umirzak

Енгізілген орташа жылдамдық жол қауіпсіздігін сақтауға ерекше әсер етпек

Фото: Qaz365.kz/ B. Karipov

Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев республикалық маңызы бар жолдарда қоршауды орналастыру нормативке байланысты екенін және орташа жылдамдық пилоттық жобасы екі аптада енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.    

 «ІІМ қалалар арасындағы жолдардың ортасын бөліп тұратын қоршаудың арқасында жол апаты 70 пайызға азайғанын айтқан еді. Жылына мыңдағана адам осы жол апатынан көз жұматыны мәлім. Осылай үлкен жолдардың бәрін қоршаумен бөліп тастауға болмай ма? Әлде оған көп қаржы кете ме?», –  деп сұрады Qaz365.kz тілшісі Көлік министрі Марат Қарабаевтан.

Министр республикалық жолдар 25 мың шақырым болса, соның 3200 шақырымында жолдардың ортасын бөліп тұратын қоршау барын және қоршауды орналастыру нормативке байланысты екенін айтты.

«Ол нормативке байланысты. Егер ол екіжолақты болса, оны бөлуге болмайды. Ол қайта жүргізушілерге қолайсыздық тудырады. Нормативке сәйкес, төртжолақты жолдардың ортасы міндетті түрде бөлінеді. Республикалық жолдар 25 мың шақырым болса, соның 3200 шақырымы төртжолақты болды. Жолдар кезең-кезеңімен төртжолақтыға ауыстырылады. Сол төртжолақтыға ауыстырылуы барысында арнайы қоршаулар (жолды екіге бөлетін) қойылады», –  дейді Көлік министрі.

Көлік министрінің сөзінше, екіжолақты жолдарды реттейтін басқа да қауіпсіздік түрлері бар. Жануарлар шықпауы үшін жолдың маңайына қоршаулар орнатылып жатыр. 45 мыңдай жол өтпесі салынып жатыр. 

Сондай-ақ Қарабаевтың айтуынша, күні кеше енгізілген орташа жылдамдық жол қауіпсіздігін сақтауға ерекше әсер етпек.

«Меніңше, жол апатының қауіпсіздігіне ең көп әсер ететін – орташа жылдамдық. Білесіздер, жүргізушілер камераның қасына келгенде жылдамдықты ақырындатады. Бірақ екі камераның арақашықтығы – 25 мың шақырымдай. Ал жүргізушілер белгіленген 110 шақырыммен емес, 200-220 шақырыммен жүреді. Ал орташа жылдамдық деген – екі камераның ортасында 110 шақырыммен жүргенде қанша уақыт талап ететіні үшін. Егер ол 12 мин уақыт талап етсе, бірақ ол 10 минутта жүріп өтсе, жол ережесін бұзған болып есептеледі. Бұл жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең күшті инструменттердің бірі деп есептейміз. Ол екі аптаның ішінде пилоттық жоба ретінде іске қосылатын болады», –  деді министр.