"Террористік ұйымды қаржыландырдың": Қостанайлық зейнеткер 21 млн теңгесін алаяқтарға беріп жіберген

Nur-Altay Umirzak

Ол бар ақшасын алаяқтарға сеніп, курьерге салып жіберген

Сурет: иллюстрация/ ЖИ жасаған

Қостанайда зейнеткер 21 млн теңгеден астам қаржыны несиеге алып, алаяқтық схеманың құрбаны болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Қостанай облысында зейнеткер әйел бұрынғы жұмыс орнының басшысынан арнайы қызмет қызметкерлері жүргізген тексеру туралы хабарлама алған әйел кейін белгісіз адамнан қоңырау қабылдаған. Өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған алаяқ банктен мәліметтердің таралуын тергеу жүріп жатқанын айтып, қаржылық көмек керектігін жеткізген. Қоқан-лоққыға сенген әйел екі банктен несие алып, 21 миллион теңге рәсімдеген. Кейін алаяқтар ақшаны курьер арқылы тапсыруды талап еткен. Бастапқыда бас тартқан зейнеткер "террористік ұйымды қаржыландырды" деген айып тағылуы мүмкін деген қорқынышпен бар қаражатын курьерге берген”, – делінген полиция ақпаратында.

Қазіргі уақытта аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция азаматтарды сақ болуға және алаяқтардың алдау тәсілдеріне сенбеуге шақырып отыр.