Олар «Тіркелген халық тізілімі» және «Damumed» ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізген
Медициналық қызметкерлердің тіркелгілерін заңсыз иемдену арқылы «Damumed» ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізген екі жетісу тұрғынына сот шешімі шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен Жетісу облысының екі тұрғынына қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. 30 қаңтарда Талдықорған қаласы сотының шешімімен олар Қылмыстық кодекстің 205-бабының 2-бөлігінде және 208-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға сотталды”, – делінген ҰҚК хабарламасында.
Тергеу барысында медициналық қызметкерлердің тіркелгілерін заңсыз иемдену арқылы олардың ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Тіркелген халық тізілімі» және «Damumed» ақпараттық жүйелеріне заңсыз қол жеткізгені анықталған болатын.
Еске сала кетейік, осыған дейін біз Damumed жүйесінде жалған медициналық жазбалардың болуы туралы жазған болатынбыз. Журналист Ақбопе Тәңірберген аталмыш дерекқордан Қарқаралы аудандық ауруханасының дәрігерлерінен жалған ақпаратты тауып, денсаулығы мен беделіне алаңдаушылық білдірген болатын.