Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын тіркеу ережелеріне өзгерістер енгізді
Қазақстанға заңсыз жолмен әкелінген және ұрланған телефондар бұғатталатын болды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі informburo31kanal-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын тіркеу ережелеріне өзгерістер енгізді.
Жаңашылдыққа сәйкес жеке нөмірі, IMEI коды және GSMA халықаралық қара тізіміне енгізілген смартфондар істен шығарылады.
“Бұл ереже қашан күшіне енеді? Тұрғындар телефон сатып алған кезде неге мән беру керек?” – деген сұрақтар өте өзекті болып отыр.
Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс телефондарының жұмысын реттейтін жаңа ережені бекітті. Соған сәйкес 24 наурыздан бастап тіркелмеген смартфондар бұғатталады. Ол үшін идентификациялық кодтар базасының операторы құрылғылардың ұялы байланыс желілерінде заңды түрде жұмыс істеп тұрғанын тексеруі тиіс. Мәселен, құрылғы ресми дүкеннен сатып алынса, салықтар мен кедендік төлемдер төленсе оның жұмысына шектеу қойылмайды.
Байланыс операторлары ұялы телефондардың IMEI-кодын тексеріп, үш санатқа бөледі. Ақ тізімге заңды түрде сатып алынған және дерекқорда тіркелген құрылғылар жатады. Егер құрылғының "шығу тегі" күмән тудырса сұр тізімге енеді. Әрі иесіне сатып алу заңдылығын дәлелдеу үшін 30 күн уақыт беріледі. Егер телефон қолдан жасалған немесе ұрланған болып шықса қара тізімге кіреді де, байланыс желілерінен ажыратылады.
“Тексеріс тек 24 наурыздан кейін сатып алынған смартфондарға жүргізіледі. Яғни, қазір қолданылып жүрген құрылғыларға қатысы жоқ. Бұл ереже көлеңкелі бизнеспен күрес үшін, заңсыз смартфондарды айналымнан шығару үшін жасалады”, – дейді ҚР Цифрлық даму министрлігі комитетінің бөлім басшысы Диас Төлегенов.
Мамандар бұл бастама заңсыз ұялы байланыс құрылғысының сатылымын тоқтатуға көмектеседі деген сенімде. Әрі телефон ұрлығының алдын алып, интернет алаяқтардың жолын кесу үшін де қажет дейді. Ұялы байланыс операторлары абоненттерін ескертіп, тексеру жолдарын көрсетпек. Бұл өзгерістер 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынды. Сол кезде дүкендер мен ұялы байланыс операторы кеңселерінен жүздеген телефон ұрланған екен. Жауапты ведомсвоның мәліметінше, қазір елімізде 4 миллионға жуық заңсыз ұялы байланыс құрылғысы бар.