Жеңімпаз оқушылар енді 6 миллион теңгеге дейін ала алады

Qaz365.kz редакциясы

Оқушыларды дайындаған педагогтарды да ынталандыру көзделіп отыр

 

Мәжіліс депутаттары білім және мәдениет мәселелері жөніндегі заң жобасына түзетулер әзірледі. Соның бірі –  халықаралық ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлеріне біржолғы төлем беру. Бұл туралы жаңа заңнамалық нормалар туралы құжатты әзірлеушілердің бірі, депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы дарынды балаларды қолдау және дамыту қажеттігін атап өтті. Осыған орай, Мәжіліс депутаттары білім және мәдениет салаларына қатысты заң жобасына өзгерістер енгізуді ұсынып, халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарына біржолғы төлемдер тағайындауды қарастырды. Бұл төлемдердің ең жоғары мөлшері шамамен 6 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар жеңімпаздарды дайындаған педагогтарды да ынталандыру көзделіп отыр.

«Спортта олимпиада жеңімпаздарына шамамен 250 мың доллар береді. Халықаралық ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары Қазақстан үшін де маңызды екеніне сенімдіміз. Өткен жылы біз ең беделді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен оқуға түсу мүмкіндігін беру туралы заңды қабылдадық. Оған қоса, «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриат деңгейінде шетелдердің озық университеттеріне түсу құқығын бердік. Бүгін айтылып отырған норма – соңғы қадам», - деді Асхат Аймағамбетов.

Аймағамбетовтың айтуынша, аталмыш норма мемлекет басшысының  дарынды балаларды қолдау тапсырмасын ордауға бағытталған. Бұл шара жастардың ғылыми әлеуетін дамытуға және талантты оқушыларды ынталандыру үшін маңызды.