Енді 10 жылдан кейін балаларымыз ноқта түгіл тоқтаны түсінбейді − Аятжан Ахметжанов

Qaz365.kz редакциясы

Шетел қазақтарының қазақшасы қалай 

baq.kz

Белгілі ұстаз, тіл жанашыры Аятжан Ахметжанов әлеуметтік желіде “Ел азаматтығын алатындар қазақ тілін меңгергендігі туралы тест тапсыру” туралы заңға пікір білдіріп, бұл жағдайда өзге жұрттардағы этникалық қазақтардың қазіргі жағдайын ескеру керектігін айтты, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі.

Біздің жұрт шетеледегі қазақтардың тілдік жағдайын біздің буын және бізге дейінгі буынның қазақшасына қарап, шетелде тұратын қазақтар қазақшаны өте жақсы біледі деп ойлайды екен.

Қазақ тілінің ондай күйге түсуінің жай-жапсарын тіл жанашыры ол өңірлердегі мектептердің жоқтығы мен саяси оқиғалардың кесірінен деп біледі.

“Қытайда 15 жылдан асты, қазақ сыныбы ашылған жоқ, қазақ мектептері бір тұтас жабылған. Қытай тілін білмесең нан тауып жей алмайсың, сөйлемесең қызмет жоқ. Сондықтан, тілдің толық қытайласу науқаны өте қатты жүріп кеткен.Ал, Моңғолияда қазір негізінен қос тілді мектептер. Таза қазақ мектептері ол жақта да қалмады. Қос тілді мектепте қазақ тілінен өзге пәннің бәрі дерлік Монғолша жүреді. Арғы жағы түсінікті шығар. Ал, Түркия, Иран қазақтары туралы айтпай ақ қойсақ та түсінікті.

Аятжан Ахметжанов өзінің Атамекенге оралу оқиғасын былай баяндап берді.

“Бір оқиғаны айтып берейін. 2014 жылы Қытайға бардым. Әкем мен туысқандарым менен үлкендері қазақша, менен кіші қауымның бәрі қытайша сөйлейді. Бір күн атқа мінгім кеп ағамның үйіне бардым. Есік алдында ат ерттеп жатыр едік, әкем 13 жасар немересінен ноқта әкеп беруін сұраған еді. Сонда немересі қақақша-қытайша араластырып ноқтаның не екенін білмейтінін айтып жеткізді. Ертерек қозғалмасақ менің балам мен ағамның балалары бір тілде сөйлесе алмайды, бұл жақта қазақ болып қала алмасы анық. Енді 10 жылдан кейінгі балаларымыз ноқта түгіл тоқтаны түсінбейді. Ес барда елді табайық деген ойға келгенмін. Бұрын ата мен немере бір тілде сөйлесе алмайды деп жылайтын ол жақтағы қауым. Қазір тіпті ауылдардың өзінде қытайша бала бақшаға барып, қытайша ғана мектеп көрген бала әкесімен бір тілде сөйлесе алмай қалды”, – деп күйінді Аятжан Ахметжанов.

Аятжан мырза шеттегі қазақтың тілі өз буынымен келмеске кеткен деп есептейді.

“Өкінішке орай, шеттегі қазақтың таза тілі біздің буынмен келмеске кеткен. Қазір 25 жастан шамасындағы қытай қазақтары дерлік мүлде қазақша білмейді. Ал, Моңғолияның Баян Өлгей аймағынан өзге жағының да жастары соған жақын. Ауыз екі тілде сөйлегенмен, оқу жазуы жоқ. Тіпті, Өлгейдегі оқшуы, студент жастардың қазақшасын көріп, бұл жақтағы қазақтардың да тілі кетіп барады екен ғой, деп өкінген едім. Ал, Еуропа қазақтарын айтпасақ та түсінікті”, – деді ұстаз Аятжан Ахметжанов.