Айкөркемнің қазасы: Жәбірленуші жақ істі қайта тергеуді талап етті

Qaz365.kz редакциясы

Олар істі "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы емес, "бала өлімі" бойынша қайта тергеуді талап етіп отыр

Telegram / Rukh2k19

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан төрт жасар Айкөркемнің өліміне байланысты "қылмыстық іс біржақты тергелген, көлікке бес адам оқ жаудырса да, бір адам ғана күдікті деп танылған, қалғаны куәгер ретінде тергеліп, жазадан құтылып кетпекші". 2 қазанда Алматыда баспасөз мәслихаты кезінде жәбірленуші жақ осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Олар істі қайтадан тергеуге жіберіп, тиісті бап бойынша, яғни "бала өлімі" бойынша тергеуді талап етті. Бұған дейін іс "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша тергелгені белгілі болған.

– Олар (әскери қызметкерлер – ред.) куәгер ретінде танылған. Рота командирін кінәлі деп тауып, оны "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартып жатыр. Бұл бапта 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал бала өлімі бойынша бап 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын ұсынады. Яғни адам өлтірушілер тиісті жазасын алмауы үшін оларды "адам өлтіру" бабынан "билік өкілетін асыра пайдалану" бабына ауыстырып отыр, – деді 2 наурыз күнгі баспасөз мәслихатында адвокат Рафик Бейсенбеков.

Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, іс бойынша тергелген әскери қызметкерлер оқ атқанын мойындаған. Бірақ іс бойынша бір-ақ адам жауап бергенін қалап отыр. Олар бірнеше бала отырған көлікке "кездейсоқ оқ тиді" деп "ақталмақшы" дейді жәбірленуші жақ.

– Балалар отырған көлік Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы бағдаршамға келіп тұрған. Қарсысында блокпост тұрады. Бұлар бірінші линияда тұрады. Ал екінші линияда тұрған "Яндекс.Такси" бұрылып, Желтоқсан көшесімен төмен қарай тоқтамай өтеді. Бірінші соларға қарай бытырлап оқ атылады. Айдостың (Айкөркемнің әкесі – ред.) рөлде отырған ұлы сол кезде "кішкентай тастар жауып кеткендей болды" дейді. Бір кезде өзінің қарындасы құлап жатқанын көреді. Сөйтіп, көлікті бірден бұрған. Сонда алдыңғы, артқы әйнектерден оқ жауған. Ал тергеудегілер "Яндекс.Такси" қашты, біз соларға оқ жаудырдық, сонда абайсызда тиіп кетті" дейді. Абайсызда көп болса, бір-екі оқ тиеді. Ал оқ жаудырса, қалайша "абайсызда" болады. Көліктің сау-тамтығы жоқ. Ана қыздың денесінен жеті оқ, ана баланың денесінен үш оқ алынған. Айкөркемнің миы шашылып кеткен. Оқ жаудырса, "кездейсоқ тиді" деп айтуға бола ма? – деді Қаңтар оқиғасына қатысты сот істері мәселесін көтеріп жүрген "Тамшы" қорының директоры Бақытжан Қосбармақов Азаттыққа.

Оның айтуынша, бұған қоса, 11 томдық істің басым бөлігі құпия болмаса да, "іс құпияланған".

– Ол жерде құпия ештеңе жоқ болса да, бұлар бәрін құпияландырып тастаған. Қазір оны оқи алмай отырмыз. Қазан айында бұл істе жеті том болған, соның ішінде біреуінде ғана құпия құжат болғаны айтылған. Негізі, заң бойынша, мұндай кезде қозғалған істердің құпия томдары бөлек жиналуы керек те, ал жалпы томдар құпияланбауы керек. Ал бұлар 11 томның бәрін құпияландырып тастаған. Олар осылайша өздерінің қылмысын құпияландырып, жауып, жасырғысы келеді деп есептейміз. Тек Айкөркемнің ісі емес, Қаңтарда қаза болған марқұмдардың өліміне байланысты істердің бәрін құпияландырып жатыр, – деді Бақытжан Қосбармақов.

Ақпаратқа қарағанда, Айкөркемнің қазасына байланысты іске тартылған әскерилер – Талдықорған қаласының десанттық отряд қызметкерлері. Қаңтар кезінде оларды Алматыға әкеліп, қолына автомат берген.

Бақытжан Қосбармақовтың сөзіне қарағанда, енді жәбірленуші жақ қылмыстық істі қайта тергеуге жіберіп, істі "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы емес, "бала өлімі" бойынша қайта тергеуді талап етіп отыр.