«AMANAT» партиясының сайлауалды штабы Орал теміржол вокзалында жолаушыларға үгіт-насихат жүргізді

Qaz365.kz редакциясы

Вокзал ғимараты күрделі жөндеуді талап етіп тұр

«AMANAT» саяси ұйымының партиялық тізімі бойынша ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттығына Батыс Қазақстан облысынан ұсынылған кандидат Снежанна Имашева және облыстық мәслихатқа кандидат Гүлмира Батпақұлова Орал теміржол вокзалында болып, жолаушылар мен мекеме ұжымына үгіт-насихат жүргізді, деп хабарлайды qaz365.kz.

Орал теміржол вокзалы мекемесінде 30 адам тұрақты еңбек етеді. Пойыздар 14 бағыт бойынша ел аумағында қатынайды. Ал мамыр айынан бастап Саратов облысына халықаралық рейстер шыға бастайды. Қазірдің өзінде вокзалдағы жолаушылар ағыны тәулігіне 3 мың адам шамасында. Мекеме басшылығының айтуынша, ғимарат күрделі жөндеуді талап етіп тұр.

“Вокзалды кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр. Биыл жолаушылардың күту орны жөнделеді”, – дейді вокзал басшысының орынбасары Гүлсара Жұмағалиева.

Үгіт-насихат жұмыстары шеңберінде кандидаттар мен штаб өкілдері әрбір жолаушыға үнпарақтар таратып, саяси ұйымның сайлауалды бесжылдық бағдарламасын түсіндірді. 2027 жылға дейін облыста жергілікті маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық үлесі 46%-дан 72%-ға дейін жетеді. 38 ауыл орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылады. 121 елді мекенге кешенді модульді блоктар орнатылмақ. Сонда аймақтағы ауыл халқының сапалы ауыз сумен қамтылу деңгейі 100%-ға жетеді.

“Сонымен қатар облыста электр, жылу және кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Қазір электр желілерінің 82%-ы, жылу желілерінің 42,7%-ы, кәріз желілерінің 61,7%-ы тозып тұр. «AMANAT» партиясы бұл бағытта жаңғырту жұмыстарының қарқынын күшейтуге ықпал етеді. Орал мен Ақсай қалаларында 39 шақырым жылу желісі жөнделеді және қайта құрылады. Тұтас өңір бойынша 2 мың шақырымнан астам электр желілері ауыстырылады. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін сайлауда «AMANAT» партиясына әрқайсыңыздың дауыс беруіңіз маңызды”, – деді Снежанна Имашева.

Жолаушылар сайлау жүйесіне қатысты толғандырған сауалдарын қойды. Әсіресе, сайлау учаскелері мен кандидаттар жөнінде мәліметтер сұрады.

“19 наурыз күні Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында сіздер өзіңіз жөн көрген партия мен кандидаттарды таңдайсыздар. Егер жаңа ғана біз түсіндірген бесжылдық бағдарламаның мазмұны көңілдеріңізден шыққан болса, сайлауда «AMANAT» партиясына дауыс беріңіздер. Саяси науқанға бейжай қарамауға шақырамын. Елдің келешегі әрбір азаматтың қолында”, – деді Гүлмира Батпақұлова.

 

Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.