Украина жағында соғысқысы келген қазақстандық Ресей түрмесіне түсті

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Э.Жаңабаеваның желідегі парақшасынан

19 жастағы қазақстандық Тұран Устюговтың соты 20 наурызда Ресейде басталуы тиіс. Ол өткен күзде аннексияланған Қырымда ұсталған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ресей арнайы қызметтері оны Украинаға кіріп, Мәскеу террористік деп таныған бөлімшелердің қатарында Ресейге қарсы соғыспақ болды деп айыптап отыр.

Устюговтың анасы Эльмира Жаңабаева ұлының ұзақ мерзімге сотталу қаупі барын айтып, оны қорғау үшін күресіп жатыр. Ол Мәскеу мен Астанаға хат жазып, тергеу изоляторына азық-түлік жіберіп, қиын қаржылық жағдайына қарамастан адвокат жалдауға қаражат жинауда.

Тұран Устюговтің ісін Ростов-на-Донудағы Оңтүстік округтік әскери соты қарап жатыр. Іс сотқа қаңтарда түскен. 13 наурызға белгіленген алғашқы отырыс айыпталушы сотқа жеткізілмегендіктен өтпей, 20 наурызға шегерілді.

Алматылық 19 жастағы жігіт Ресейде террористік деп танылған ұйымның қызметіне қатысқаны және террористік әрекетке дайындық үшін оқудан өткені үшін айыпталуда. Бұл айыптар бойынша ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол түрмеде жарты жылға жуық уақыт отыр.