Атырауда Хиуаз Доспанованың атына берілген көшенің бүгінгі жағдайы жұртты шошытты

Nur-Altay Umirzak

Хиуаз Доспановаға "Халық Қаһарманы" жоғары атағы 2004-жылы берілген болатын

Сурет: коллаж

Атырауда Хиуаз Доспанованың атына берілген көшенің бүгінгі жағдайы ел-жұртты шошытып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы тарихшы Жұмабай Доспанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бейне жариялап, мұны батыр қыздың ерлігі мен батылдығын қорлау деп отыр.

“Ал, бүгін қазақтың Қаһарман қызы Хиуаз Доспановаға Атырау қаласынан берілген көшені өз көзіммен көре барғанымда –  мына көріністен кейін осыған қатысы бар атқамінерлерден әбден түңіліп кеттім.  Бұл көшеден көлік түгілі жаяу адам жүруі мүмкін емес. Бұл масқарашылықты бүкіл республикамыздың жұртшылығы білгендері дұрыс санаймын”, – дейді тарихшы.

Тарихшының айтып жүрген мәселесіне жергілікті шенеуніктер мен мәслихаттар депутаттары осыған дейін құлақ аспай келген.

“Қаланың Азия бетін мекен еткен атыраулықтар жыл басталғалы мені мына бір келеңсіз жай турасында мазалаумен келеді. Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына енді бар болғаны бір айдан кейін 80 жыл толады.  Ал шын мәнінде ол бүгінде беймәлім майдангерге айналып отыр. Мен 1975, 1978-жылдары республикалық "Лениншіл жас" газетінен ол туралы отандастарымызға бір хабар беруді сұрағанымнан нәтиже көрінбеді. Өз кезегімде Иманғали Тасмағамбетовке ҚР Президент әкімшілігінің жетекшісін атқарып жүргенде бір азамат арқылы Х.Доспановаға "Халық Қаһарманы" жоғары атағын беру туралы ұсыныс-хатымды жеткізген едім, 2004-тің 7-ші желтоқсанында ол атақты апайға алып берген болатын. Бірақ одан кейін бұл батыр апамызды елеп ескеріп, іздеп жүрген адам болмады”, – дейді Жұмабай Доспанов.

Әкімдіктің жауабы қандай

Атырау қаласы әкімдігі тарихшының бұл Facebook-тегі жазбасына келесідей жауап берген:

"Қайырлы күн! Атырау облысы Атырау қалалық мәслихатының 2011 жылғы 12 мамырдағы N 278 және Атырау қалалық әкімдігінің 2011 жылғы 10 мамырдағы N 705 бірлескен шешім-қаулысымен бұрынғы “Зелинский” көшесі, Хиуаз Доспанова көшесі болып қайта аталған. Қала әкімдігі, көшенің орналасқан жерінен бейхабар емес. Алайда, “Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы” Заңының 25-5 бабына сәйкес, жеке адамның есімімен аталған көше атауы, ол берілген күннен бастап кемінде он жыл өткен соң өзгерту, қайта атау ономастика жұмысының міндетті критерийі болып табылады. Сонымен қатар, 2022 жылдан бері күні бүгінге дейін құрамдас бөліктерге атау беру жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын. Ұлы Отан Соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай, халық қаһарманы Хиуаз Доспанова есімін, басқа көшеге беру мәселесі жоспарда бар екенін қаперіңізге саламыз", – делінген әкімдік хабарламасында.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова –  соғысқа ұшқыш-офицер болып Одақтас Республикалар арасынан барған жалғыз қазақ қызы. Ол Атырау топырағында өмірге келіп, Халық Қаһарманы атағын иеленген жалғыз адам. Майданға 19 жасында өз өтінішімен аттанған ол, 305 мәрте әскери тапсырмамен түн қараңғысында жау иеленген аумақтарға шабуылдап, әуеден атқылап, бомбалар тастаған. Бірнеше рет ауыр жараланудан мүгедекке айналған. Соғыстан оралғасын жоғары партия мектебінде үздік оқып, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысын, республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Хатшысын, Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысын абыроймен атқарып, 1959-шы жылы 37 жасында зейнеткерлікке шығарылған.