ШҚО-да тәртіп бұзған Қытай компаниясы жауапқа тартылды

Nur-Altay Umirzak

Компания экологиялық талаптарды өрескел бұзып келген

Сурет: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ШҚО-да Экологиялық заңнаманы бұзған қытайлық «СИНЬСИН» компаниясы 1 млрд теңге айыппұлға тартылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

“ШҚО Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы бойынша Экология департаменті «СИНЬСИН Құрылыс және даму бойынша Қытай компаниясы» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде экологиялық заңнаманың бұзылғаны анықталды — ІІ санаттағы объектілерге экологиялық рұқсатсыз асфальтбетон қондырғысы мен ұсақтау кешенін пайдалану фактілері тіркелді. 2024 жылғы 21 қарашадағы инспектордың қаулысымен ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған қаулы ЖШС тарапынан Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына шағымданумен дауланды.Соттың 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен ЖШС-нің кінәсі анықталып, 1 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды”, – делінген прокуратура ақпаратында.

Тарап апелляциялық тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағым түсірген. Алайда 2025 жылғы 10 сәуірдегі апелляциялық инстанцияның қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.