Жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға жаза күшейеді: Бейбіт шеруге шыққандар ілініп кетпей ме

Qaz365.kz редакциясы

Адамдар «ұрайық», «соғайық», «жағайық» деген ұрандармен шыққан кезде ғана қылмыстық құрам болады.

twitter

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа бүгін Сенат кулуарында журналистер осы сұрақты бірінен кейін бірі қойды. «Бейбіт шерушілерге қатысы жоқ» деумен болған министр жауабында эмоцияға да берілді, деп хабарлайды qaz365.kz.
 
Еске сала кетсек, Сенатта бүгін Марат Ахметжанов «жаппай тәртіпсіздікке шақыру: оның ішінде телекоммуникация желісін пайдалану арқылы шақыру» үшін санкциялар қатаятынын мәлім еткен еді.  

«Мұндай қылмыскерлер үшін мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі алынып тасталады», - деді министр. 

Журналистер министрден кулуарда осы ретте бейбіт митингке шыққандар мен жаппай тәртіпсіздіктер қалай ажыратылытынын сұраған. Министр «заңда митинг» деген сөз жоқтығын қайта-қайта айтты. «Жалған ақпарат болмасын» деп бір ескертті. 
«Заңды қатайту не үшін қажет болды? Онсыз да заң бар ғой» деген сұраққа министр былай деді. 

«Заң жобасын мұқият оқысаңыздаршы: сол жерде интернет ресурстар арқылы таратылған деген сөз бар. Сол жерде жауапкершілік көзделіп тұр. Әрбір тіркелген қылмыста күдікті ретінде тану үшін оның ойын, ниетін білу керек. Егер ниет немесе жаман пейіл болмаса, ол жерде қылмыс құрамы болмайды. Әрбір осындай тіркелген шағым, арыз, жайттар бойынша тергеу жүреді», - деді ол. 

Ахметжановтың айтуынша, заңға біраз өзгерістер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда цифрландыру саласындағы жаңашылдықтарды ескере отырып, заңдарға өзгеріс енгізу көзделген. 

«Мен айтып отырмын, жаппай тәртіпсіздік деген егер адамдар «ұрайық», «соғайық», «жағайық» деген ұрандармен шыққан кезде ғана қылмыстық құрам болады. Егер осындай ұрандармен шықса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - дейді ол.