Рудныйдың орталық алаңында биіктігі 20 метр Ту көтерілді

Qaz365.kz редакциясы

Мемлекеттік рәміздер экспозициясы салтанатты түрде ашылды

Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рудный қаласының орталық алаңында Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: ерікке тағзым, ұрпаққа үлесі» атты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері экспозициясы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 

Кеншілер қаласының жаңа семантикалық және рухани орталығына айналар бұл нысанның ашылу салтанатына шаһардың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, алғашқы құрылысшылар, тыл еңбеккерлері, мемлекеттік қызметшілер, жастар өкілдері, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысты.

«Мемлекеттік рәміздер – бұл еліміздің тәуелсіздігінің қасиетті нышандары, бірлік, егемендік және ұлттық мақтаныштың символы, ұрпақтар арасындағы байланысты және тарихи сабақтастықты нығайтушы маңызды элемент. Рәміздер орналастырылған алаң мемлекеттік мерекелерге арналған ту көтеру, қала мен ел өміріндегі маңызды оқиғаларға арналған салтанатты іс-шараларды өткізу орнына айналары сөзсіз. Тутұғыр мен символдық композицияны орнату азаматтардың мемлекет рәміздеріне құрметпен қарауын қалыптастыруға, балалар мен жастар арасында патриоттық тәрбие деңгейін арттыруға, қалада тағы бір тартымды мәдени нысан құруға, қоғамдық бірлікті және ұлттық бірегейлік сезімін нығайтуға ықпал ететін болады», – деді өз сөзінде қала әкімі Виктор Ионенко.

Жаңа экспозициядағы биіктігі 20 метрлік тутұғырға (флагшток) орналастырылған егемен еліміздің көк Туы 24 м биіктікте желбіреді. Сондай-ақ керамограниттен жасалған екі блоктың бірінде Мемлекеттік әнұранның мәтіні, екіншісінде Елтаңба мен Тудың сипаттамасы бар. Композиция түнгі мезгілде жарықтандырылып, айналасын нұрландырып тұрады.

«Мемлекеттік рәміздердің экспозициясы – жай ғана архитектуралық нысан емес. Бұл – қаланың және оның тұрғындарының Отанға деген сүйіспеншілігі,  бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерген айтылар жүрекжарды алғысы, Қазақстанның тәуелсіздігі мен бірлігін мақтан тұтып соғып тұрған алып жүрегі", - деп атап өтті еңбек ардагері Жаңбыршы Тілеуғабылов.

Салтанатты жиын барысында қаланың әкономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлесін қосқаны үшін Ахметжанов Ғабдолла, Глейзер Геннадий Ефимович, Кәкенов Жақсылық Кәкенұлы, Пентюхова Лилия Львовналар «Рудный қаласының Құрметті азаматы» белгісімен марапатталды. Сонымен қатар еңбегімен ерекшеленген бірқатар қала тұрғындарына Қостанай облысы әкімінің және Рудный қаласы әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді.

Кеншілер қаласындағы маңызды іс-шара жастар арасында патриоттық рухты қалыптастыру, әскери қызметшілерге, ардагерлер мен Отан қорғаушыларға деген құрметті тәрбиелеу, әскери дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту, әскери қызметтің беделін арттыру және әскер мен елге деген мақтаныш сезімін тәрбиелеу мақсатында 6697-ші әскери бөлімнің оркестрі, әскери қызметшілер, қаланың мектептері мен колледждерінің оқушыларының қатысуымен саптық шеру мен мерекелік концертке жалғасты.

Мерекелік шара барысында орталық алаңға жиналған рудныйлықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында өтіп жатқан Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруді тікелей көрсетілім арқылы тамашалады.

Айта кету керек, бұл күні Қостанай облысының барлық қалалары мен аудандарында, елді мекендерінде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шаралар, концерттер, спорттық жарыстар өтеді.