Ардагер естелік ретінде өзінің кітабын қолтаңбамен тарту етті
Жеңіс күні қарсаңында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін арнайы құттықтап, сый-сияпат көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мамандар Алматы қаласында тұратын 99 жастағы майдангер Леонид Подколзиннің шаңырағына барып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ардагер 17 жасында соғысқа өз еркімен аттанып, Белорус майданында артиллерист болған. Жеңіс күнін Германияның Штральзунд қаласында қарсы алғанын еске алды.
Соғыстан кейін бейбіт өмірге араласып, Алматыға қоныс аударған Леонид Никитович теміржолшы, жүргізуші, кейін автоколонна басшысы қызметтерін атқарып, көлік-логистика саласына сүбелі үлес қосты. Соңғы 40 жылдан бері шығармашылықпен айналысып, қос бірдей жыр жинағын жарыққа шығарған. Мерекемен құттықтай келген ЖАСҰО ұжымына естелік ретінде өзінің кітабын қолтаңбамен тарту етті.
– Құрмет көрсетіп, Жеңіс мерекесімен құттықтап келген сіздерге алғысым шексіз. Әлемде бейбітшілік болсын. Соғыс болмасын. Еліміз өркендей берсін. Еңбектеріңіз жемісті болсын, – деп майдангер жүрекжарды тілегін білдірді.
Сонымен қатар, жолшылар 95 жастағы тыл ардагері Михаил Зельцердің үйіне де барып, құрмет көрсетті. Ардагер мамандарды өзі қарсы алып, өткен күндердің естелігімен бөлісті. Арнайы қошемет пен ілтипатқа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Мұндай шаралар – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ерлікке тағзым етудің жарқын үлгісі.