Түркияда жер сілкіністері болғанына бір айдан асты
Түркияда жер сілкіністері болғанына бір айдан асты. Хатай халқы әлі күнге зілзаланың салдарынан зардап шегіп келеді. Олардың айтуынша, қазіргі кезде гуманитарлық көмек жер сілкінісі басталған кездегіге қарағанда біршама азайған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Зардап шеккендердің айтуынша, бір шөлмек су алу үшін сағаттап кезекте тұрады.
“Біз жер сілкінісінен төрт күн өткенде күйеуімнің сырқатына байланысты Хатайдан кетуге мәжбүр болдық. Кетіп бара жатқанда гуманитарлық көмек тиеген тіркемелер тоқтаусыз келіп жатқан. Хатайға қайтып келгенімізге бір апта болды, олардың ешқайсысы жоқ. Тіпті бір бөтелке су алу үшін сағаттап кезекте тұрамыз. Бір айда көмек осылай азайып кетсе, жақында мүлдем ештеңе қалмайды”, - дейді Айнұр Ескиоджак.
Ал Фиген Гюлен жер сілкінісі болғаннан бері дұрыс ұйықтай алмай жүргенін айтады.
“Бір айдан бері түнде оянып кетпей, тыныш ұйықтағаным есімде емес. Шатырда тұрғандықтан, үнемі ұйқымыз бөлініп кетеді. Осында жүргеніме 20 күн болды. Осында төсек-орын берді, ал қалған заттарды өзім қираған үйімнен алып келдім. Балаларымның кітап-дәптерлерін алып келдім. Олардың өз үйінде жүргендей сезінгенін қаладым. Тым болмағанда психологиялық жағдайын түзеткім келді”, - дейді ол.
Жер сілкінісінен зардап шеккен Седат Алтынташтың айтуынша, 1700 адам жұмыс атқарған жер үйіндіге айналған.
“Бұл жерде 1700 етікші жұмыс жасайтын еді. Қазір үйіндіге айналды. Әркім үйінді астынан бірдеңе шығып қала ма деп үміттенеді. Алайда олардың қайсысы жарамды, қайсысы жарамсыз, оны білмейміз. Өмір жалғасады. Бірақ қалай? Дұрыстап ойлана алмаймыз, психологиялық тұрғыдан есеңгіреп қалдық. Өз отбасымнан 70 кісіні жоғалттым. Мен осында 5 жасымнан бері тұрамын. Осында тудық, осында өстік. Барымызды осында тапқтық, осында жоғалттық”, - дейді Седат.
Айнұр Ескиоджак мемлекеттен бөлінген қаржының жетпейтінін айтып өтті.
“Үйге раковинаны қолдану үшін барамыз. Онда да қорқып барамыз. Балалар бөлмесі, қонақ үй, жатын бөлме, бәрі қирады. Тек ас үйіміз қалды. Ол да қирағалы тұр. Мемлекеттен 10 000 лира беріп жатыр екен. Не істеймін оған? Үй тұрғызамын ба? Көлік аламын ба? Күйеуімнің, өзімнің денсаулығымды дұрыстаймын ба? Жоқ. Бізге мемлекетіміз көмектеспесе, кім көмектеседі?” - дейді әйел.
Ал Фиген Гюлен отандастарынан көмек сұрайды.
“Баратын үй болса екен. Әрине, несиеге емес, себебі жұмысымыз да жоқ. Отандастарымыз бізге көмектесуі керек. Енді бұрынғы өмірімізге оралмайтынымызды білемін. Әр оянғанымда жай ғана қорқынышты түс шығар деп ойлаймын. Бірақ бұл шындық. Көршілердің бәрі кетіп қалған. Үйімнің қирағаны емес, көршілерімнің кетіп қалғаны жаныма батады. Қолымыздағы барымызбен бақытты болуды үйренеміз. Жаңа өмірге үйренеміз. Басымыздан өткен дүниелерден сабақ аламыз”, - деді ол.