Темекі үшін 200 мың доллар пара: Жамбыл облысында МКМ бас маманы жемқорлыққа делдал болған

Nur-Altay Umirzak

Ол кәсіпкерлер мен қалалық қаржы бөлімінің лауазымды адамдары арасында байланыс орнатқан

Сурет: prosvetcult.ru

Жамбыл облысының мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы делдал болғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.   

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.

“Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы С. Үкімбаевқа, Тараз қаласының тұрғындары Э. Мурадовқа және Т. Телеуовқа қатысты үкім шығарды. Мұрадов пен Телеуов қалалық қаржы бөлімінің лауазымды адамдарына бұрын тәркіленген және соттың шешімі бойынша жойылуға жататын темекі өнімін бергені үшін 200 мың АҚШ доллары сомасында пара бергені үшін, ал Үкімбаев - парақорлыққа делдал болғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот үкімімен Мұрадовқа 10 жыл, Телеуовқа - 9 жыл, Үкімбаевқа 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген Антикор хабарламасында.

Сонымен қатар, Үкімбаев өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылған. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.