Деркөл өзенінде 555 сантиметрге жетіп, қауіпті деңгейден 25 сантиметрге асып түсті
Батыс Қазақстан облысында өзендерде су деңгейі көтеріліп жатыр, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚазАқпарат сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, облыста 11 наурызда күннің 4-13 градусқа дейін жылынуына байланысты шағын өзендерде су деңгейі жоғарылады.
Атап айтқанда, Тасқала ауданында Шежін-2 өзенінде су деңгейі 779 сантиметрге көтеріліп, қауіпті шекке жетті. Тасқала ауылындағы гидробекетте Деркөл өзенінде 555 сантиметрге жетіп, қауіпті деңгейден 25 сантиметрге асып түсті.
Т.Шапановтың сөзіне қарағанда, Шідерті, Өлеңті және Шаған өзендерінде де су деңгейі көтерілу үстінде.
«Алдағы күндері күндіз 8-14 градус, түнде 0-5 градус жылылық сақталып, қардың еруі жалғасады. Оған қоса облыстың бірқатар бөлігінде жаңбыр жаууы ықтимал. Облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс бөлігінде қар жамылғысы сақталуда. Қардың биіктігі – 1-19 сантиметр. Өңірде биылғы тоңның қалыңдығы – 80-140 сантиметр. Бұл еріген қар суының жерге сіңбей, өзендерге құйылып, олардағы су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соғады. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес 12-14 наурыз аралығында жауын-шашын болып, қар қатты ериді. Соған байланысты су тасқыны болуы мүмкін», – деді Т.Шапанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жағдай күрделене түскенін жазған болатынбыз.