Миллиард теңгенің алаяқтығы: 290 адам бұл қылмыстың құрбаны болып танылды

Nur-Altay Umirzak

Істе Алматы тұрғыны мен оның 12 туысы күдікке ілінген

Сурет: Getty Images/Adil Abdrakhmanov

Құны миллиард теңгелік болатын, ірі көлемдегі алаяқтық ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді.

“Прокуратураның үйлестіруімен Алматы қаласының Полиция департаменті айыпталушы мен оның бөліске түскен 12 туыстарына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады. Айыпталушы мессенджерлерде хат-алмасу чаты арқылы Қытайдың, Өзбекстанның және Ресейдің зауыттарымен тікелей жұмыс істейтінін, сондықтан оның ыдыс-аяқ, жиһаз және үйге арналған басқа да керек-жарақтар бағасы төмен екенін айтқан. Алайда іс жүзінде қылмыстық схеманы жасыру мақсатында Алматы базарларынан өзі шығынға ұшырай отырып тауар сатып алған. Аталған шығындарды қатысушылар 6 айдан 12 айға дейін күттірте отырып көтерме тапсырыстармен өтеген. Қатысушылар қымбат автокөліктерді, пәтерлерді, үйлерді, жерлерді, киімдерді, саяхаттарды сатып алуға, сондай-ақ букмекерлік кеңселерде ақша тігуге қаражат жұмсаған. Тергеу барысында 34 автокөлік, 2 пәтер, 1 пентхаус, жер учаскесі бар 2 тұрғын үйге тыйым салынды.Еліміз бойынша Алматыдан бастап Саран қаласына дейін 4,6 млрд теңге сомасына 290 адам қылмыстың құрбаны болып танылды”, – делінген прокуратура ақпаратында.

Қазіргі таңда прокуратура қылмыстық істі сотқа жолдаған. ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2)тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық жауаптылық 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.