«Сумен айқасып жатқаныма 4 күн болды»: неге Оралда үйлер әр көктем сайын суға кетеді - видео

Qaz365.kz редакциясы

Көшелердің көбінде арық жоқ. Бар арықтың өзі дұрыс жобаланбаған, тазаланбаған

Qaz365.kz

Мемлекет басшысы іссапармен күні кеше барып кеткен Орал қаласында биылғы көктем тұрғындарды әбігерге салды. Қаланың көп бөлігінде еріген қар суы кетер жол таппай, үйлерге кіруде. Көшелердің көбінде арық жоқ. Бар арықтың өзі дұрыс жобаланбаған, тазаланбаған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Қарғын судың өткір мәселесі Оралдың Зашаған, Деркөл және 10 шағынаудандарында байқалды.

Зашағандағы Жасқұс көшесінде тұратын Қазына Әлеуова «7 наурыздан бері сумен айқасып жатырмын» дейді.

- Үйім саманнан салынған, су кетсе құлап қалады. Жан-жақтан су келді. Әкімдіктің адамдарына айттым, көршілер арыққа плита қойып тастаған. Мына су кету үшін оны бұзу керек. Үйге тағы су кіреді деп қорқып отырмын. Үйде екі мүгедек жан бар, жолдасым жоқ. Туалет, септик суға толды. Маған жәрдем керек. Әкімдік телефон алмай қалды. 50-18-80-ге қаншама қоңырау шалдық, - дейді Қазына Әлеуова.

Тұрғындардың айтуынша, Жасқұс көшесіндегі арық жұмыс жасамайтын болып шықты. Тұрғындар аулаларындағы жиналған суды өз күштерімен бірі мотопомпамен, бірі ассенизатормен сорықтырып жатыр.

- Арықтағы судың кететін жері жоқ – алды бітеліп жатыр. Су қайда кетеді? – дейді Макиза Изгалиева.

Нұрғазы Қайнешев есімді тұрғын Жасқұс көшесіндегі арықты көрші көшеге жол салғандар бітеп кеткенін айтады.

- Көшенің 90 пайызы суға кетті. Біржан деген көршінің үйі суға кетті, - дейді Нұрғазы Қайнешев.

Зашаған тұрғыны Құрманбай Закариннің айтуынша, арық пен жол мәселесі 10 жылдан бері шешілмей келеді. Оның айтуынша, көршілес көшедегі арыққа су кетер еді, бірақ арықтар тазаланбай бітеліп қалған.

«Айбергенов көшесінде арық бар, бірақ құбырлары қыста бітеліп қалған», - дейді ол.

Ерлан Рысқалиев Жасқұс көшесіндегі арықтың дұрыс жобаланбай салынғанын алға тартты. Оның айтуынша, арық салғанда көшенің жер деңгейі есептелмеген – керісінше, судың кететін жағы биік.

- Мұны арық деуге келмейді, бұл – испаритель. Мұнда су тоқтап тұрады. Алты жыл бұрын бұл арықты бұрын қолданылған материалмен салды. Жарық-жарық плиталарды салып кетті. Мен ескертіп айтқанымда, «мұны бізге Зашаған әкімдігі берді» деді. Содан осылай қалды, - дейді Жасқұс көшесінің тұрғыны Ерлан Рысқалиев.

Тұрғындар эксковатор шақырып, көшенің суын жырғызған. Арық салмаса, жоғарыдағы көшелердің суы осылай қалай келе бермек.

- Көше суға толды, көрші үйге су кірді. Арық арқылы су жүрмейді. Арық деген тек атақ, - дейді Ибатулла Өмірәлиев.

Зашағандағы Құлагер көшесінің тұрғыны Мырзабек Салманов ақсақал мұндағы арық көз алдау үшін жасалғанын айтып, бізді апарып көрсетті. «Кең дала» шағынауданындағы басты көше Брусиловскийде тұрып, Құлагер көшесіне қарасаң, арық бар сияқты көрінеді. Ал 100 метрден соң ары қарай арық жоқ. Бұл көшенің ұзындығы 2 шақырымға жуық.

- Көшенің екі басында арық бар, ортасына арық жасамай тастап кеткен. Асфальт салғанда арық бірге болуы керек, - дейді Мырзабек Салманов.

Құлагер көшесінде арық болмауы себепті, Асан Қайғы көшесіндегі он шақты үйді жыл сайын су басу қаупі төнеді. Биыл да бірнеше үйге су кірді. Бұл көшеде асфальт жол да, арық та жоқ.

Жалпы, бұл «Кең дала» және «Көктем» шағынауданында 20 жылдан бері 22 көшенің 14-іне асфальт салынбай келеді. Солардың бәрінде арық жоқ, себебі арық тек асфальтпен бірге салынады. Әкімдіктің айтуынша, ресми 57 мың тұрғыны бар Зашағанның бюджеті бір көшеге толық асфальт төсеуге де жетпейді. Қанша әкім ауысса да, «жобалық-сметалық құжаты әзір, қаржы жоқ» деген жауап айтумен келеді. Былтыр бұл көшелердің 100 шақты тұрғыны мәселеге биліктің назарын аудару үшін бейбіт митингке де шығып еді. Бірақ жергілікті атқарушы билік тұрғындардың мәселесіне құлақ аспай тұр.

Нұрлыбек Рахманов