Ақтаудан шыққан лайнер бес елдің портына тоқтап Ресейге дейін барады
Жыл соңына дейін Каспий теңізінде Ақтаудан Махачкалаға дейін қатынайтын круиздік лайнер іске қосылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің мәлімдеді.
“Маңғыстау облысы круиздік туризм саласында үлкен әлеуетке ие. Өңірде Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Ақтаудан Құрық портына дейінгі аумақта теңіз курорттары мен жағажайлық демалыс аймақтары дамытылады. Бұл мақсатта қонақүйлер мен тақырыптық ойын-сауық паркі сияқты жаңа нысандар салынуда.Ресейлік круиздік лайнерді іске қосу жоспарланып отыр. Ол «Су үстіндегі бес жұлдызды қонақүйлер» тұжырымдамасына сәйкес келеді. Алдын ала болжам бойынша, лайнер Ақтау, Астрахань (Ресей), Түрікменбашы (Түрікменстан), Амирабад, Ноушехр, Энзели (Иран), Баку (Әзербайжан), Махачкала (Ресей) порттарына тоқтайтын болады. Жыл соңына дейін нысанды пайдалануға беру туралы акт алынғаннан кейін, су үстіндегі қонақүй Каспий теңізінде сынақтық рейс өткізеді. Сонымен қатар, теңіз арқылы круиздік бағыттарды бірлесіп ұйымдастыру және осы салада ынтымақтастық орнату бойынша жағалау маңындағы елдермен құжат жобалары пысықталып жатыр. 2020 жылы бастамасы көтерілген Әзербайжанмен және 2019 жылы басталған Иранмен келісімдер дайын. Қазіргі таңда басқа Каспий маңы елдерінің ресми ұстанымдары күтілуде”, – делінген комитет хабарламасында.
Комитеттің нақтыланған ақпараты бойынша, бұл жобалар жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады, мемлекеттік бюджеттен шығын қарастырылмаған.