Астанада жүк көліктері үшін арнайы жолақтар мен қозғалыс уақытына шектеу қою ұсынылды

Nur-Altay Umirzak

Жыл басынан бері елордада жүк көліктерінің қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркелген

Сурет: yandex.com/maps

Астанада полиция жүк көліктері үшін арнайы жолақтар мен қозғалыс уақытына шектеу қоюды ұсынып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Астанада полиция департаменті жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүк көліктері үшін арнайы жолақтар мен қозғалыс уақытына шектеу қоюды ұсынып отыр. Жүк көліктері – ірі көлемдегі тасымалдарды жүзеге асыратын, ел экономикасының маңызды буыны. Дегенмен, дәл осы көлік құралдарының қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары жиі ауыр зардаптарға ұласатыны жасырын емес. Адам шығыны мен жарақатқа алып келетін мұндай оқиғалардың алдын алу үшін жан-жақты профилактикалық шаралар кешенін жүзеге асыру қажет. Алдымен жүргізушілердің тәртібіне ерекше назар аударған жөн. Жүк көлігін жүргізетін тұлғалар тұрақты түрде медициналық тексеруден өтіп тұруы тиіс. Себебі шаршаған немесе денсаулығы сыр берген жүргізуші – жолдағы үлкен қауіп көзі. Сонымен қатар жылдамдықты шектеу, қауіпсіз арақашықтықты сақтау, жол белгілеріне бағыну – әр жүргізушінің тікелей міндеті. Көлік құралдарының техникалық жағдайын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Тежегіш жүйесі, дөңгелектер, жарық құрылғылары мен өзге де тетіктер уақытылы тексеріліп, кез келген ақау дер кезінде жойылуы қажет.  Осыған байланысты Астана қаласының полиция департаменті жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жүк көліктері үшін арнайы жолақтар мен қозғалыс уақытына шектеу қоюды ұсынып отыр. Көлік қозғалысы тығыз сәттерде және түнгі уақытта шектеу енгізу – бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір жолы. Жолдағы қауіпсіздік – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз”, – делінген полиция хабарламасында.

Статистикаға жүгінсек, жыл басынан бері Астана қаласында жүк көліктерінің қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 21 адам жарақат алған, 4 адам қайтыс болған.