Отандық әскери техника "РАСТ-2КZ" биологиялық барлау машинасымен толықты

Qaz365.kz редакциясы

Бұл техниканы бейбіт және соғыс уақытында да, қауіпті, өндірістік апаттар кезінде де қолдануға болады

Gov.kz

Астанада РХБ барлаушыларының есептеу-талдау станциялары басшыларымен жиын өтіп, Отандық әскери техника "РАСТ-2КZ" биологиялық барлау машинасымен толықты, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарулы күштер Бас штабының Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері және экологиялық қауіпсіздік департаментінің басшылығы РХБҚ офицерлеріне бағынысты бөлімшелерді басқарудағы кәсіби машықты жетілдіру, жаңа әскери техниканы пайдалану ерекшеліктерін меңгеру сынды міндеттер жүктелді.

Оқу-әдістемелік жиынға РХБ қорғау бөлімшелерінің командирлері мен әскери басқару органдары есептеу-талдау станцияларының бастықтары қатысты.

“РХБҚ әскерлерінің тактикалық буынының офицерлеріне сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқару үшін әскери техникаларды пайдалану ерекшеліктерін жетік білуі қажет. Бүгінде олар соңғы үлгідегі бағдарламалық-есептеу құрылымдарымен және жедел ақпарат алмасуға арналған спутниктік құралдармен жабдықталған. Сондықтан теориялық аспектілерден бөлек, жиынның практикалық бөлімі де жіті назарда болды”, – деп түсіндірді Бас штабтың РХБҚ әскерлері және экологиялық қауіпсіздік департаментінің басқарма бастығы полковник Жеңіс Әміров.

2020-2021 жылдары биологиялық барлау машинасы, сондай-ақ заманауи отандық арнайы “РАСТ-2КZ” техникасы армия қару-жарағының қатарын толықтырды. Есептеу-талдау станциялары радиациялық, химиялық және биологиялық барлау мәліметтерін жинауға және оларды өңдеуге, жағдайды талдауға, жалпы қырып-жою қаруын қолданудың ауқымы мен салдарын бағалауға арналған. Сонымен қатар бұл техниканы бейбіт және соғыс уақытында да, қауіпті, өндірістік апаттар кезінде де жедел және мәселенің жай-күйін анықтау үшін қолдануға болады.

Сабақтар барысында жиынға қатысушыларға РХБ қорғау әскерлерінің заманауи отандық техникамен жабықталуы және олармен жедел ақпарат алмасу тәртібінің сабақтасу жүйесі көрсетілді.

Жиын соңында офицерлер орын алған радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды анықтау және бағалау жылдамдығын арттыру барысында бөлімшелерді епті басқаруға бағытталған арнайы даярлықтан сынақтар тапсырды.