Әскери қызметкерлерге ЖИ бейнежетондары орнатылатын болды

Nur-Altay Umirzak

Әскери бөлімдерде заманауи IT-жүйелермен бейнебақылау орнатылады

Сурет: gov.kz/Қорғаныс министрлігі

Әскери бөлімдерге жасанды интеллект жүйесі бар бейнекамералар орнатылады, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Х әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

Бас әскери прокуратура Қарулы Күштермен, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдармен бірлесіп, екі жаңа жобаны енгізеді: «Әскердегі заң және тәртіп», «Цифрлық профилактика». Мақсат – әрбір әскери қызметші қорғалған, ал командир сенім мен қолдауға ие болатын жүйені қалыптастыру.

«Ең алдымен әскери бөлімдерде заманауи IT-жүйелермен бейнебақылау орнатылады. Жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы жағдайды автоматты түрде талдап, жеке құрамның қауіпсіздік деңгейін арттыру көзделуде. Командирлерді (далалық жаттығуларда, атыс кезінде, оқу-жаттығуларда), қарауылдағы және жауынгерлік кезекшіліктегі мерзімді қызметтегі сарбаздарды бейнежетондармен жарақтандыру жоспарланып отыр», –  деді Берік Асылов.

Оның айтуынша, http://armia.kz сайтында цифрлық кеңесші іске қосылды. Бұдан басқа да жаңа байланыс арналары енгізіліп жатқаны айтылған.