Павлодар – Екібастұз тас жолында асфальттың ісінуі байқалды: жүргізушілерге абай болу ескертілді

Nur-Altay Umirzak

Трассадағы цементбетон жабынының плиталары көтеріліп кеткен

Сурет: Бейнеден кадр

Павлодар – Екібастұз бағытындағы тас жолда асфальттың көтеріліп, ісініп кеткені туралы хабарланды. Жүргізушілерге сақтық танытып, жолда абай болу ескертілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жергілікті пабликтерде жүргізушілерге жолдағы қауіп туралы ескерту жасалуда: куәгерлердің айтуынша, асфальт көтеріліп, көліктер жылдамдықты күрт төмендетуге мәжбүр болған.

«Жылдамдықты нөлге дейін түсіріңіздер! Өте қауіпті!» — деп жазуда куәгерлер.

Ал бұл жайында ҚазАвтоЖол мекемесі жолдың бұзылуы температураның кенеттен көтерілуі себеп болды деп отыр.

 "Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы (Қосақ ө/п)" автожолының 1265-шақырымында цементбетон жабынының ақауларын жою бойынша жұмыстар атқарылуда. 2025 жылғы 12 маусым сағат 18:30 шамасында "Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы (Қосақ ө/п)" республикалық маңызы бар Іб санатындағы автожолының 1265-шақырымында ауа температурасының күрт көтерілуі (+33...+35 °C) салдарынан цементбетон жабынының плиталары көтеріліп кетті. Қазіргі уақытта жол қызметі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін уақытша жол белгілерін орнатты. Учаскеге қажетті техника жіберіліп, жөндеу жұмыстары басталды. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды”, – делінген ҚазАвтоЖол мекемесі ресми мәлімдемесінде.