"Санкциялар қолдану мүмкіндігі бар": Елдегі бірінші АЭС қанша уақытта салынып бітетіні белгілі болды

Nur-Altay Umirzak

Әлемдік тәжірибеде АЭС-тің құрылысы мен іске қосылуы орта есеппен 10–12 жылға созылады

Сурет: Depositphotos

Елдегі бірінші АЭС-тың құрылысы 2036 жылдарға қарай аяқталады деп жоспарланып отыр,  деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Атом энергетикасы жөніндегі агенттік хабарлады.

«Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы аяқталуы мүмкін болжамды мерзім –  2035-2036 жылдар аралығы. Жоба коммерциялық сипатта, қаржыландыру вендорлардың есебінен қамтамасыз етіледі. Қаржыландыру құрылымы әлі келіссөздер кезеңінде тұр. АЭС құрылысының соңғы құнын анықтау – көпқырлы процесс. Мұнда шешуші рөлді халықаралық жеткізушілермен жүргізілетін келіссөздер шарттары мен жобалық құжаттаманы әзірлеу, инженерлік ізденістер нәтижелерінен кейін анықталады. Тек осы кезеңдерден кейін ғана жобаға арналған нақты бюджет нақтыланады», –  деп хабарлады агенттік.

Әлемдік тәжірибеде АЭС-тің құрылысы мен іске қосылуы орта есеппен 10–12 жылға созылады. Осы мерзімді ресейлік «Росатом» корпорациясы да растап отыр.
 

Сондай-ақ агенттік  «Росатом» компаниясының санкцияға іліккен компаниялардың тізімінде жоқ екенін растады.

«Соңғы мәліметтерге сәйкес, «Росатом» санкциялар тізімінде жоқ. Болашақта жекелеген елдерде санкциялардың күшеюіне байланысты қандай да бір тәуекелдер туындаған жағдайда бізде қазақстандық компаниялар басқа жобаларда қолданған тиісті шарттық тетіктер көзделетін болады. Мысалы, тиісті санкциялар мен басқа да құқықтық құралдарды қолдану мүмкіндігі бар», – делінген хабарламада.