Сырым мен Қаратөбе, Қазталов аудандарында жағдай қиын
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев су тасқынына байланысты Орал қаласы мен үш ауданда төтенше жағдай жарияланғанын мәлім етті, деп хабарлайды qaz365.kz.
«Облыс бойынша қалада және үш ауданда, атап айтқанда Шыңғырлау, Бөрілі, Бәйтерек ауданында төтенше жағдай жарияланды. Егер тағы да қауіп төнетін болса, онда үш ауданнан бөлек, Сырым мен Қаратөбе, Қазталов аудандарында төтенше жағдай жариялайтын боламыз», - деді Нариман Төреғалиев Үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, Ресейдің Саратов облысынан Батыс Қазақстанның әкімдігіне хабарлама келіп, тағы су ағып келетінін ескерткен.
«Бізде 45 өзен, 5 мың шақырымға созылып жатқан өзен бар. Есептей беріңіздер. Мұның барлығы бір мезгілде ауа райының бірден жылынуына байланысты, оның үстіне жаңбыр жауып жатыр – осының бәрі қиындық туғызды», - деді ол.
Әкімнен журналистер «әзірге Үкіметтен көмек сұрап жатқан жоқсыздар ма?» деп сұраған. Бұл сұраққа Төреғалиев «әзірге сұрап жатқан жоқпыз» деп жауап берді.
«Өзіміз қолдан келгенше жағдайды қалыпты жағдайда ұстап тұрмыз. Сондықтан, біздің ең басты міндетіміз – адамдарға, тұрғын үйлерге қауіп төндірмеу, қауіп төнсе, оның алдын алу. Қазір 131 адам көшірілді», - дейді ол.
Еске сала кетсек, кеше Батыс Қазақстан облысында тасқынға байланысты бірнеше ауданда төтенше жағдай жарияланған еді. ТЖМ Қаратөбе ауданының Қоржын ауылынан 16 адам, оның ішінде 6 бала және 2 жүкті әйел тікұшақпен аудан орталығына жеткізілгенін хабарлаған.
13 наурызда Қаратөбе ауданы Қоржын кентінің маңында «Қаратөбе кенті-Қоржын кенті» жергілікті маңызы бар автомобиль жолы арқылы еріген қар суы тасыған. Құтқарушылар мен жүзу құралдарын елді мекенге тікұшақпен жеткізу туралы шешім қабылданды.