Астанада ақылды бейнебақылау жүйесі Sergek-дрондары сынақтан өткізіле бастады

Nur-Altay Umirzak

Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, бұл тәжірибе басқа өңірлерге де енгізілуі мүмкін

Сурет: Sergek Group

Астанада Sergek ақылды бейнебақылау жүйесімен жабдықталған пилотсыз ұшу аппараттары (дрондар) сынақтан өткізілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сынақ жұмыстарын Ішкі істер министрлігі, «Қазақтелеком» және жүйені әзірлеушілер – “Sergek Group” бірлесіп жүргізуде.

Қазір дрондардың патрульдеу, нақты бағыт бойынша іздеу секілді әртүрлі қолдану сценарийлері тексеріліп жатыр. Бұл арқылы жол қозғалысы ережесін бұзған көліктерді, алимент пен айыппұл бойынша қарыздары бар азаматтарды жедел анықтауға мүмкіндік туады.

— Бұл тек жедел әрекет ету емес, сонымен қатар жол-көлік оқиғаларын азайтып, тәртіпті күшейтуге мүмкіндік беретін алдын алу құралы болады, — деді ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы Сергей Варго.

Ал «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мүсин дрондарды түрлі салада қолдану аясы кеңейе беретінін мәлімдеді. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, бұл тәжірибе басқа өңірлерге де енгізілуі мүмкін.

— Қалалық ортадағы бейнемониторинг жүйелерімен және орман алқаптарын өртті ерте анықтауға арналған бақылау жүйелерімен дрондарды интеграциялау жобаларын іске асырып жатырмыз, — деді ол.