Назым Қызайбай Әлем кубогындағы жекпе-жекте өзбекстандық қарсыласын ойсырата жеңді

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстандық боксшы, үш дүркін әлем чемпионы әрі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай Астанада өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде кемі қола медальді қоржынына салды.

Ашық дереккөзден

48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/4 финалда Қазақстанның ең титулды боксшысының қарсыласы Өзбекстаннан келген, соңғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Фарзона Фозилова болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бірінші раундтан кейін төрешілердің пікірі екіге бөлінді: үшеуі жеңісті Қызайбайға берсе, екеуі қарсыласын таңдады. Алайда екінші раундта барлық бес төреші бірауыздан Қызайбайдың басымдығын мойындады.

Үшінші раунд та қазақстандық боксшының пайдасына шешіліп, жекпе-жек нәтижесі 5:0 есебімен Назым Қызайбайдың жеңісімен аяқталды.

Айта кетейік, бокстан Әлем кубогының ережесіне сәйкес, қола медаль үшін жекпе-жек өткізілмейді. Демек, жартылай финалға шыққан барлық спортшы кемінде қола медальға ие болады.

Астанада өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінің 1/8 финалында Назым Қызайбай Канададан келген Приянка Диллонды ойсырата жеңген болатын.

Еске сала кетейік, 31 жастағы Назым Қызайбай 2025 жылдың наурыз айында Сербияда өткен әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақта қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанған еді. Бұл турнирде өзбекстандық Фарзона Фозилова финалға жолдама ала алмай, ресейлік Юлия Чумгалаковаға есе жіберген болатын.

Назым Қызайбай 1993 жылы 14 қыркүйекте Алматы облысы Жетіген ауылында дүниеге келген. Әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіне 2014 жылы қол жеткізсе, 2016 жылы осы жетістігін қайталаған.