Елдің ең белді микроқаржылық ұйымдары «жалақыға дейінгі» қарыз есебінен табыс тауып отыр

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстандағы ең табысты он МҚҰ-ның жартысы «жалақыға дейінгі» қарыз беру саласында жұмыс істейді.

Литер.кз

«Жалақыға дейінгі» қарыздарға шекті мөлшерлемелер енгізілгеніне қарамастан, онлайн-кредиттеу компаниялары жоғары табыс деңгейін сақтауда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Финпром мәліметінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) жиынтық таза табысы 30,4 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға артқан.

Табысы бойынша көш бастап тұрған ұйым — «жалақыға дейінгі» онлайн-микронесиелер беретін «Robocash.kz» (бренді — «Займер»): түсімі 4,8 млрд теңге, жылдық өсім — 74,8%. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында ең көп табыс тапқан он МҚҰ-ның бесеуі — онлайн-кредиттеу саласындағы компаниялар.

Айта кету керек, былтыр тамызда «жалақыға дейінгі» несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шегі 179% деңгейінде бекітілгенімен, бұл онлайн-кредиттеу компанияларының табысына айтарлықтай әсер ете қоймаған. Себебі бұған дейін мұндай несиелердің ЖТСМ 2600%-дан асып кетуі мүмкін еді.

Екінші орында — автонесиелеу саласында жұмыс істейтін «Toyota Financial Services Kazakhstan» МҚҰ: 3 млрд теңге, жылдық өсім — 61,4%.

Ал үздік ондыққа кірген тағы бір автонесиелеуші — «Shinhan Finance»: 1,2 млрд теңге табыс.

Сондай-ақ, ең табысты он МҚҰ қатарына әмбебап форматта жұмыс істейтін, яғни бөлшек клиенттермен де, бизнес өкілдерімен де жұмыс істейтін ұйымдар кірді:

  • KMF — 2,4 млрд теңге,
  • TAS Finance Group — 1,5 млрд теңге,
  • «Арнұр Кредит» — 917 млн теңге.

2025 жылы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде 213 МҚҰ тіркелген. Олардың ішінде 143 ұйым қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша таза табыс көрсетті.

10 МҚҰ кезеңді нөлдік көрсеткішпен аяқтаса, 60 МҚҰ шығынға ұшыраған. Ең ірі залалдар:

  • «Freedom Finance Credit» — 1,5 млрд теңге,
  • Credit365 Kazakhstan — 837,1 млн теңге.

МҚҰ-лардың кіріс және шығыс бойынша жиынтық есебіне сәйкес:

2025 жылдың алғашқы тоқсанында МҚҰ-лардың корпоративтік табыс салығын (КТС) төлегенге дейінгі таза табысы 26,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға төмен.

Салыстыру үшін: 2024 жылы осы көрсеткіш бірден үштен аса қысқарған еді.

Жалпы табыс көлемі бір жыл ішінде 18,6%-ға артып, 175,9 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 96,2 млрд теңгесі — берілген қарыздар бойынша сыйақы түріндегі табыстар.

Шығындар көлемі бірден 22,8%-ға өсіп, 149,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде:

  • 45,5 млрд теңге — қаржылық активтер бойынша ықтимал шығындарға резерв құру,
  • 43,2 млрд теңге — операциялық шығындар.