Қазақ ғалымы ойлап тапқан батарея Лондонда «2025 жылғы үздік стартап» атанды

Qaz365.kz редакциясы

Санжар Тайжан бұл жөнінде әлеуметтік желіге жазды.

Санжар Тайжанның парақшасынан

Санжар Тайжанның батарея стартабы Лондонда өткен әлемдегі ең ірі автоөнеркәсіп “MOVE” аталатын конференциясында 200 стартаптың ішінен «2025 ЖЫЛДЫҢ СТАРТАПЫ» деп атанған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл іс-шараға 5 000 қатысушы қатысты — арасында Mercedes-Benz, BMW, Hyundai басшылары бар. PS. LG бас директорымен бірге жеңіс түскі асына ризамын, – деп жазды жеке парақшасында.

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанның ұлы Санжар Тайжан өзінің стартабын Ұлыбританияда тіркегенін бұған дейін БАҚ жазған еді. Қазіргі таңда құрамында MIT пен Imperial College-тің ғалымдары бар сегіз адамнан тұратын оның компаниясы жаппай қолданылып жүрген аккумуляторларға қарағанда анағұрлым тиімді натрий-ионды аккумуляторлар технологиясын әзірлеумен айналысып жатыр.

Жоба авторының айтуынша, бұл аккумуляторлар тезірек зарядталады және энергия сыйымдылығы жоғары, яғни бір заряд ұзақ жол жүруге жеткілікті. Сонымен қатар, олардың қызмет ету мерзімі ұзақ, әрі дәстүрлі литий-ионды аккумуляторларға қарағанда қоршаған ортаға зияны аз.

Соңғы екі жыл ішінде Санжар Тайжан Ұлыбританияның бірқатар мемлекеттік және ғылыми ұйымдарынан – атап айтқанда, Көлік министрлігі, Фарадей институты, Innovate UK, Озық қозғалтқыштар орталығы және Патшалық инженерлік академиясынан шамамен 500 мың фунт стерлинг көлемінде гранттар алған. Сонымен қатар ол әлемнің әртүрлі елдеріндегі автокөлік компанияларымен 10-нан астам өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.