Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы 45-ші мектеп-гимназиясында оқитын Нұржол Сатыбалды екі университеттің грантына ие болды.
Талғарлық оқушының бір видеодан-ақ бағы ашылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазақ-Америка университетінің басқарушы серіктесі Абылай Алатаев филиппиндік блогерге қазақ тілін аз да болса үйреткен талғарлық оқушыға екі грант сыйлады. 9-сыныпқа көшкен Нұржол мектеп бітірген соң Қазақ-Америка университетінде немесе Швейцария университетінде оқи алады. Екі грантты Алатаев оқушыға “Қызық таймс” бағдарламасында тарту етті.
Нұржол қалай танылды
Нұржол Сатыбалдының әлеуметтік желіде шетел азаматымен әңгімесінің видеосы көп тараған. Филиппиннен келген Сергио атты блогер ағылшын тілін жетік білетін Нұржолмен әңгімелесіп, тамсанып, желіге салып жіберген. Шетел азаматы оның қызметіне ырза болғаннан кейін “спасибо” деп рақмет айтқан. Бірақ Нұржол “спасибо деген орыс сөзі, қазақ тілінде рақмет” деп ескертіп, шетелдік туристпен қош айтысқан.
Жас бала Алматыдағы көк базарда сувенир сататын дүкенде анасына көмектеседі.