2025 жылы кімдерге тегін 10 сотық жер беріледі: қай өңірлерде жер таратылады және кезек қалай жылжып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Биыл мемлекет 4 мыңнан астам жер телімін бөлуді жоспарлап отыр.

Ашық дереккөзден

Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық тегін жер телімін алуға құқылы. Алайда шынайы өмірде көпшілік бұл жерді жылдар бойы күтіп келеді – 2025 жылға қарай елімізде 4 миллионнан астам өтініш тіркелген, деп хабарлайды Qaz365.kz сайты Krisha.kz порталына сілтеме жасап.

2025 жылы қай өңірлерде қанша жер беріледі

Биыл мемлекет 4 мыңнан астам жер телімін бөлуді жоспарлап отыр. Ең көп телім Батыс Қазақстан облысында – 1322 жер учаскесі беріледі. Одан кейін Ақтөбе облысы (985 телім) мен Жамбыл облысы (865 телім) тұр. Атырау облысында – 750 телім.

Ұлытау облысында бар болғаны 50 учаске дайындалған, ал Алматы мен Астанада әзірге жер телімдерін бөлуге бос алаң жоқ.

Маңызды: мемлекет инфрақұрылымсыз «жалаң» жер телімін беруге құқылы емес. Сол себепті жер телімдерінің саны инфрақұрылым – жарық, су және жол тартылған сайын көбейіп отырады.

Алматы облысы: ауқымды кеңейту жұмыстары

Алматы облысында билік ұзын-сонар кезекті азайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр (қазіргі уақытта бұл тізімде 1 284 488 адам тіркелген). 2025 жылы 23 саяжай массиві елді мекендердің құрамына ресми түрде енгізіледі. Олардың мақсаты «бау-бақша» мәртебесінен жеке тұрғын үй құрылысына (ИЖС) ауыстырылып, кезектегі азаматтарға беріледі.

Жалпы аумағы 123 гектарды құрайтын бұл аумақтарда 1000-нан астам жер телімі жасақталады деп күтілуде. Алдымен инфрақұрылымы (жол, жарық, су) тартылған массивтерге басымдық беріледі.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы Алматы облысында бар болғаны 294 учаске берілген еді.

Қостанай: коммуникациясы бар жер телімдерін бөлу басталды

Қостанай қаласында Қонай ықшамауданындағы коммуникациясы дайын, бірақ игерілмей жатқан жер телімдерін бөлу басталды. Мұнда бұрын бюджет есебінен инженерлік желілер тартылған, алайда құрылыс жүрмеген. Билік бұл аумақты тиімді игеруді қолға алды – Қостанайда тегін 10 сотық жер теліміне 40 мыңнан астам адам кезекте тұр.

Жалпы саны 1792 жер телімінің 124-іне қазірдің өзінде тұрғын үйлер салынған – оның 55-і екі қабатты, 69-ы бір қабатты. Бұл үйлер қолма-қол немесе несие арқылы (бағасы 29–32 миллион теңге аралығында) сатып алуға ұсынылады, ал жер телімі жалға беру құқығымен тегін беріледі.

Алайда жаңа иелеріне қойылатын талап бар: үш жыл ішінде толыққанды тұрғын үй салу қажет. Саяжай, уақытша баспана салуға немесе жерді қайта сатуға тыйым салынған – бұл шарттар келісімшартта нақты көрсетілген. Үй пайдалануға берілген соң ғана жер телімі жекеменшікке өтеді. Талаптар бұзылған жағдайда жер акиматтың қарауына қайтарылады да, келесі кезектегілерге беріледі.

Кезекке тұрғандар саны

Еліміз бойынша жалпы кезекте тұрғандар саны – 4 миллионнан асады. Түркістан облысында – шамамен 469 мың адам, Ақмола облысында – 316 мың. Қалалар арасында Шымкент көш бастап тұр – 280 мың кезектегі азамат, одан кейін – Астана (247 мың). Елордада сұраныс бас жоспардың мүмкіндігінен 25 есе көп.

Жер телімін күту мерзімі орта есеппен 5–15 жылға дейін жетуі мүмкін. Мысалы:

  • БҚО-да – 5–10 жыл,
  • Ақтөбе облысында – 8–12 жыл,
  • Қарағанды облысында – 10–15 жыл.

Ахуал күрделі болғанымен, өңірлік билік Алматы мен Қостанай облыстарындағыдай жаңа тәсілдер жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерді тезірек үлестіруге көмектеседі деп үміттеніп отыр.