Депутаттарды елемей, ұсынысынан үш рет бас тартқан Үкімет қызметкеріне «іздеу жарияланды»

Qaz365.kz редакциясы

Ол депутаттардың дәрігерлерге тап бергендерді қатаң жазалау туралы ұсынысын орындаудан үш рет бас тартқан

Ашық дереккөзден

Үкімет депутаттардың медицина қызметкерлерін қорғау жөніндегі түзетулерге не себепті үш рет бас тартылғанын анықтап жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған түзетулерді қабылдауға неге үш рет депутаттарға бас тартылғанын Үкімет анықтап жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәлімдеді.

22 шілде күні Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Парламент депутаттары Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолданғандарға жазаны күшейтуге бағытталған түзетулерді үш рет ұсынғанын, алайда Үкімет оларды қолдамағанын мәлімдеген еді. Көшербаевтің айтуынша, ол Денсаулық сақтау министрінен депутаттардан нақты қай кезде осындай ұсыныстар түскенін анықтап беруді сұраған. Алайда әзірге жауап алмаған.

«Кеше жарияланған ақпаратты оқи сала, мен бірден министрге қоңырау шалдым. Депутаттардың бұл ұсыныстары нақты қай кезде түскенін анықтап беруді сұрадым. Ақпан айынан бастап, яғни мен жұмысқа кіріскен кезден бері мұндай өтініштер түспеген. Бірақ біз бұл мәселені Асхат Аймағамбетовпен көктемде бірнеше шабуыл тіркелген кезде бірден талқылағанбыз. Бұл тақырыпта арамызда ешқандай келіспеушілік болған жоқ. Біз толықтай бір көзқарастамыз – мұндай адамдарға қатысты ең қатаң шаралар қолданылуы керек», – деді Көшербаев Үкіметтегі брифингте.

Оның айтуынша, Үкімет бұл мәселе бойынша «бұғып отырған жоқ». Сәуір айынан бастап министрлік Парламентпен бірлесіп, жазаны қатаңдатудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр.

Қарағанды мен Қостанайда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасалған жағдайлардан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жазаны күшейтуді тапсырған болатын. Осыдан соң Премьер-министр Олжас Бектенов медқызметкерлерді қорғауға бағытталған заңға түзетулер әзірлеуге 10 күн уақыт берді.