Бұл жөнінде Ақорда ақпарат таратты
29 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға ресми сапармен барады, деп хабарлайды Qaz365.kz
Ақорданың хабарлауынша, Анкарада екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту мәселесін талқылайды. Сондай-ақ президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғарғы деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысын өткізеді.
Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасы
Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас – тарихи, мәдени және рухани байланыстарға негізделген, тығыз әрі көпқырлы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Екі елді түркі дүниесіне ортақ тілдік, діни және мәдени құндылықтар байланыстырады. Осы ортақ құндылықтардың олардың саяси, экономикалық және гуманитарлық саладағы байланыстарын одан әрі нығайтуға жол ашып отыр.
Түркия – Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдердің бірі. 1991 жылдан бері екіжақты қатынас тұрақты дамып, стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Екі мемлекет те Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында тығыз ынтымақтастық орнатып, түркі интеграциясын тереңдетуге күш салуда.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, Түркия – Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі. Инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика және жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен жұмыс істейтін 4 мыңға жуық кәсіпорын тіркелген.