Екі адам көз жұмды: Шавкат Рахмоновтың әйелі тізгіндеген көлік жол апатына ұшырады

Qaz365.kz редакциясы

UFC чемпионы Шавкат Рахмонов Әбу-Дабиде жүрген кезінде қайғылы жағдай орын алды

Ашық дереккөзден

Оның жұбайы Гүлайым мен кішкентай ұлы ауыр жол апатына түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгін таңертең UFC-тің танымал жекпе-жек жауынгері Шавкат Рахмоновтың жары жол-көлік оқиғасына ұшырап, салдарынан көліктегі жолаушылар қаза тапты. Апат Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы тас жолда болған.

Бірнеше БАҚ-тың мәліметінше, Гүлайым Рахмонова ұлымен және құрбыларымен бірге Қарағандыдан Алматыға бара жатқан. Ол тізгіндеген Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі Алматы – Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында, Ақсүйек ауылына жақын маңда аударылған. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған.

Апат салдарынан оқиға орнында 39 жастағы жолаушы көз жұмды. Тағы бір жолаушы – 35 жастағы әйел Мойынқұм аудандық ауруханасына жетер жолда көз жұмған.

Гүлайым Рахмонова мен 2022 жылы туған ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізіліп, травматология бөліміне жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы – орташа ауыр.

– Ота қажет емес. Олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында, – деп хабарлады аурухана өкілдері.

Полиция жол жүру ережелерін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.