Қазақстанда әкімдерге KPI жүйесі енгізіледі

Qaz365.kz редакциясы

KPI жүйесі бойынша әкімдердің үздігі халықты жұмыспен қамтауына қарай айқындалады

Ашық дереккөзден

Қазақстанда келесі жылдан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізіледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді. Оған сай: Еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көзделген еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алуы керек.  Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлес(іп, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2025-2027 жылдары іске асырылатын жобалар бойынша барлық деректерді мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс.

«Сондай-ақ келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет. Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйені қалыптастыруға тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайтып, әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аударуды тапсырды. Үкімет отырысында Премьер-министр елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі – уақытша жұмыспен байланысты екеніне назар аудартты. Мұндай тәсілдің халықты жұмыспен қамтуда тиімділігі төмен.

«Сондықтан қолданыстағы жоспарларда тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту қажет. Әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек. Аталған мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған шаралар Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында көзделген. Жалпы алғанда, орталық мемлекеттік органдардың, өңір әкімдіктері мен бизнестің өзара үйлесімді, бірлескен жұмысы қажет»,

— деп атап өтті Олжас Бектенов.