Ресей қазағы Димашқа арнап күй шығарды – видео

Qaz365.kz редакциясы

Күйді орындаушы оның ұлы – 12 жастағы Нұрдәулет Нұрсалиев

dimashnews.com

Ресейдегі қандасымыздың қазақтың маңдайға біткен жұлдызы Димаш Құдайбергенге арнап шығарған күйі "Димаштың Байжұмасы" деп аталады. Бұл туралы «Отандастар» қорынан Олжас Беркінбаев хабарлады, деп жазады qaz365.kz.

Күйдің авторы – Ресейдің Алтай өлкесіндегі Қосағаш ауданындағы қандасымыз Жанайдар Нұрсалиев. Күйді орындаушы оның ұлы – 12 жастағы Нұрдәулет Нұрсалиев.

"Жалпы, әр күйді бір тұлғаға арнағанда Байжұма деген тіркес болған. Құрманғазының Байжұмасы, Динаның Байжұмасы дегендей. Сондықтан да күйді "Димаштың Байжұмасы" деп атадым. XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында Байжұма атты күйші өмір сүрген. Бізге жеткен туындысы "Қарт Байжұма" күйі. Байжұманың осы шығармасын күйдің ерекше түрі ретінде түсініп, соған еліктеген күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Дина, Науша, Орыншалар өз Байжұмаларын шығарған", –  дейді алтайлық автор.

Жанайдар Нұрсалиев қазіргі таңда Қосағашта домбыра мектебінде сабақ береді.