Түркістан: Шардарада халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жиын өтті

Qaz365.kz редакциясы

Шардарада жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған дөңгелек үстел өтті

Түркістан облысына қарасты, Шардара ауданында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз қоғам: құқықбұзушылықтың алдын алу» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Іс-шара барысында құқықбұзушылықтың негізгі себептері мен оның қоғамға тигізетін салдары, жастар арасындағы құқықтық тәртіп пен жауапкершілік ұғымын нығайту және қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзудың алдын алуға азаматтардың белсенді араласу жолдары түсіндірілді. Отырыстың негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу арқылы қауіпсіз және тұрақты қоғам орнатуға үлес қосу.

Жалпы Түркістан облысына қарасты барлы аудан, қалалардағы мектептерде осы уақытқа дейін азаматтық тәрбие, құқықтық сауаттылық, адам құқықтарын құрметтеу тақырыптары интеграцияланған сабақтар мен «Біртұтас тәрбие бағдарламалары» бойынша кездесулер өткізіліп келеді. Одан бөлек, университеттер мен колледждерде «Құқық негіздері», толеранттылық, этносаралық келісім және адам құқықтары пәндері оқытылады. Сонымен қатар, өңірде «Құқықтық тәртіп» жобасы аясында полиция мен жергілікті органдар тұрмыстық зорлық‑зомбылықты, әкімшілік құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында акциялар ұйымдастырады. Сондай-ақ, тұрғындарға арнап «Ашық есік күндері» мен тегін құқықтық кеңестер ұйымдастырылып, азаматтарға заңдар мен құқықтық нормалар түсіндірілуде. Бұдан бөлек, әйелдер мен балаларды қорғау, тұрмыстық зорлық‑зомбылыққа қатысты нормаларды түсіндіру шаралары белсенді түрде өткізіліп жатыр.