Бәйдібек ауданында жастарға арналған «Заң мен тәртіп» форумы өтті
Түркістан облысына қарасты, Бәйдібек ауданында жастар арасында құқықтық саясаттың іске асырылу аясында «Заң мен тәртіп: Қоғам вейпке қарсы – жастардың таңдауы салауатты өмір» атты аудандық форум өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Форум Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына негізделіп, Түркістан облысы бойынша алғаш рет Бәйдібек ауданынан бастау алды.
Форумның басты мақсаты – жастар арасында зиянды әдеттерге, әсіресе вейп және "дроп" секілді жасырын тәуелділіктерге қарсы қоғамдық төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Жиынға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы Балғабаев, ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Сағынжанұлы Қабдыраш, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, жастар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Форумның алғы сөзін Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Заипұлы Нұрмаханов алып, жастардың болашағына қауіп төндіретін зиянды әдеттермен күресу – қоғамның ортақ міндеті екенін баса айтты. Форум аясында «Вейпсіз — аудан» атты арнайы акция бастау алып, бұл бастама облыс көлемінде қолдауға ие болмақ. Форум – жастар, ата-аналар және мемлекеттік құрылымдар арасындағы ашық әрі нәтижелі пікір алмасудың алаңына айналды. Бұл – салауатты болашақ жолындағы нақты қадам.
Жалпы Түркістан облысында ұйымдастырылып жатқан заң мен тәртіп – өңірлік құқықтық саясаттың басты құралы. Ол халықтың қауіпсіздігі мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету арқылы құқықтық мемлекеттің негізін қалайды.