Ал Әзербайжан тарапынан жағдайлар жасалған
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Әзербайжан ұшағының апатынан қаза тапқан Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына өтемақы мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл жөнінде ол Qaz365.kz тілшісінің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әзербайжанның ұшағы апатынан қаза болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына Әзербайжан немесе Ресей тарапынан өтемақы төленді ме? – деп сұрады тілші.
Вице-премьердің айтуынша, Ресей тарапынан ешқандай өтемақы төленбеген. Ал Әзербайжан тарапынан жағдайлар жасалған.
Ресей тарапынан өтемақы төленбегені анық. Әзербайжан тарапынан тиісті жағдайлар жасалды. Олар Ақтау қаласына бір кәсіпкерді жіберген. Осы қаза болған адамдардың туысқандарын жинап, бір-бір пәтер алып берді. Сондай-ақ тағы бір компанияның атынан тиісті өтемақы болуы керек еді. Ресми түрде сауал жіберсеңіз, мен нақты мәлімет беремін, – деді вице-премьер.
Еске салсақ, қайғылы оқиға кезінде бортта 67 адам болған. Оның ішінде 5 экипаж мүшесі. Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Қаза болғандардың 6-ауы – Қазақстан азаматы. Сондай-ақ, бортта Әзербайжанның қырық екі, Ресейдің он алты, Қырғызстанның үш азаматы болған.