Сайлауға келген алматылықтарға наурыз көже мен бауырсақ таратылып жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Әр сайлау учаскесі сайлаушыларын ерекше күтіп алуға тырысып жатыр

almaty-akshamy.kz

Еліміздегі сайлау учаскелері ең көп шоғырланған Алматы қаласында да дауыс беру қызу жүріп жатыр. Дәл қазіргі уақытта халықтың сайлау аймақтарына келу қарқыны артты, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Еліміздің маңызды оқиғасынан шет қалмай, өз таңдауын жасауға келген қала тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі. Әр сайлау учаскесі сайлаушыларын ерекше күтіп алуға тырысып жатыр. Оқушылар сарайында орналасқан №377 сайлау учаскесі келушілерге наурыз көже мен ыстық бауырсақтан дәм татқызуда.

«Біздің сайлау учаскесі 2569 адамға шақыру қағазын берген болатын. Тұрғындар белсенді атсалысып жатыр. Көңіл-күйлері өте жақсы. Біз де өз тарапымыздан барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Сайлаушыларды әуезді әнмен қарсы алып, көже мен бауырсақ ұсынудамыз», - дейді №377 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Асия Малимова.

Сондай-ақ аталған сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген Мамырқұловтар сыйлық алды.

«Осы уақытқа дейін ешқандай саяси науқаннан тыс қалған емеспін. Бала-шағаммен келіп, дауыс беру отбасылық дәстүрге айналды. Әрине, әрқайсымыз өз таңдауымызды жасадық. Ойламаған жерден сыйлыққа ие болдық», - дейді қала тұрғыны Аида Мамырқұл.