Қорғаныс министрлігі іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр
Бүгін Қорғаныс министрлігі EC-145 тікұшағы құлаған аймақтан тың ақпарат таратты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомствоның мәліметінше, іздестіру-құтқару іс-шараларының жалғасуы барысында екінші адамның денесі табылып, судан шығарылған.
“Қазіргі уақытта құзыретті органдардың қатысуымен анықтау рәсімі жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, іздеу жұмыстары Қорғаныс министрлігінің, ТЖМ, ІІМ және басқа да ведомстволардың барлық қажетті күш-құралдарын жұмылдыра отырып, тәулік бойы іске асырылуда”, – делінген мәлімдемеде.
Оқиға болған алғашқы сағаттардан бастап барлық қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылып, іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде. Аэроғарыш комитетінің қолдауымен спутниктік деректерді пайдалана отырып, математикалық есептеулер жүргізілген. Айта кетейік, Алматы облысында әскери тікұшақтың жоғалғанына он күннен асты. Іздеу жұмыстары Сорбұлақ көлінде жалғасып жатыр.