Астанадағы жаңа станция елорданы 10 жыл бойы сумен қамтиды

Qaz365.kz редакциясы

Әкімнің сөзінше, дәл қазір «Телман» сорғы станциясында техникалық су құбырын салу жобасы жүріп жатыр

Елордада ауыз су мәселесін шешу үшін бірқатар жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Елорда тұрғындарының жыл сайынғы өсімін ескере отырып, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қуатын жоспарлы әрі кезең-кезеңімен арттыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Біз қазірдің өзінде газ жылу станцияларының (ГЖС) құрылысы есебінен қаланың жылу қуатын ұлғайттық. Бұл өз кезегінде жаңа нысандарды пайдалануға беруге мүмкіндік жасайды. Сол сияқты жаңа ГЖС, қосалқы электр станциялары салынуда, олардың арасында қолданыстағы нысандар да жаңғыртылып жатыр», – деді әкім.

Әкімнің сөзінше, 2023 жылдың көктемінде елордада су тапшылығы байқалған. «Сол жылы жазда жаңа су құбыры мен үшінші сорғы-сүзгі станциясы (ССС-3) іске қосылды. Қазіргі уақытта қалада қуат тапшылығы жоқ. Бұдан бөлек, алдағы жылдарға арналған қор да бар», – деді ол.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінде «Телман» сорғы станциясында техникалық су құбырын салу жобасы жүріп жатыр.

 «Техникалық су құбырының екінші желісін салу арқылы «Телман» бірінші көтеру сорғы станциясы тәулігіне 160 мың м³ жобалық қуатына толықтай шығады», – деді ол.

Сонымен бірге, әкім Нұра жерасты су орнынан су құбырын салу жобасы әзірленгенін айтты.
Ең маңызды бастамалардың бірі – Қ.Сәтбаев атындағы арнадан жаңа су құбыры мен төртінші сорғы-сүзгі станциясының (ССС-4) құрылысы. 

«Су алу нысанының өнімділігі – тәулігіне 342 мың м³. ССС-4 қуаты – тәулігіне 210 мың м³. Аталған жобаны іске асыру 2035 жылға дейін халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге қажетті қуат береді», – деді әкім.

Оның сөзінше, бұдан бөлек, Хусейн бен Талал көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі су құбырын тұйықтау жобасы әзірленіп жатыр.

 «Бұл жоба Тұран даңғылының батысындағы ауданды сумен қамтамасыз етеді. Жобалау жұмысы 2025 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс», – деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.