Әкімдік Берденовтің қызметінен кеткенін растамады
Шымкент әкімдігі қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің қызметінен кеткені туралы тараған ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін бірқатар БАҚ Берденовтің қызметінен кеткенін хабарлаған еді. Алайда кей дереккөздер бұл мәліметті жоққа шығарып, әкімдіктің ресми растауы болмағанын жазды.
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз мәслихатында әріптесінің қызметінен босамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Берденов қазіргі таңда ресми еңбекке жарамсыздық парағында.
«Қуаныш Асылов басқа жұмысқа ауысуына байланысты әкімнің бірінші орынбасары қызметінен босады. Күні кеше ғана бір орынбасар тағайындалды. Ал Руслан Берденов ресми еңбекке жарамсыздық парағында. Қазір үш орынбасар жұмыс істеп жатырмыз, бір орын бос тұр», – деді Сәрсен Құранбек.
Еске салсақ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов қызметінен кеткені жайлы ақпарат тараған еді.