Түркістан қаласыда отбасы институтын қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан қаласындағы «Алаш» интеллектуалдық мектебінің психолог маманы Гүлнұр Бексейттің сөзінше қалада мәдени, рухани және әлеуметтік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, «Отбасы – қоғам тірегі», «Ұрпақ сабақтастығы», «Әке мектебі» сынды жобалар қолға алынып, мектептер мен отбасылар арасындағы байланыс нығайтылуда. Сонымен қатар, «Мерейлі отбасы» байқауы, отбасылық мерекелер, семинарлар мен тренингтер кеңінен өткізіліп келеді. Бұл бастамалар отбасы тәрбиесін күшейтіп қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық дәстүрге құрметін арттыруға, әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етуде.
«Түркістан өңірінде атқарылып жатқан шаралар отбасы құндылықтарын дәріптеу арқылы қоғамның бірлігін, тұрақтылығын және болашақ ұрпақтың жарқын келешегін қамтамасыз етуге бағытталған. Ата-аналарға беретін кеңесім – балаңызға жиі көңіл бөліңіз. Тек сабақтағы бағасын сұраумен шектелмей, достары, қызығушылығы, күнделікті көңіл-күйі жайлы әңгімелесіңіз. Баламен ашық сөйлесіп, оны кінәламай тыңдау – сенімді қарым-қатынастың кілті. Сонымен қатар, ата-ана өз эмоциясын бақылап, отбасындағы дау-дамайды бала көзінше шешпеуге тырысқаны дұрыс. Қазіргі заманда балалардың психологиялық мәселелері тек отбасынан ғана емес, сыртқы ортаның ықпалынан да туындайды. Әлеуметтік желідегі қысым, құрдастар арасындағы бәсекелестік, оқу бағдарламасының күрделілігі – барлығы бала психикасына әсер етеді. Сондықтан біз психологтар «отбасы – мектеп – қоғам» үштігінің бірлескен қолдауын аса маңызды деп санаймыз», - дейді маман.