Қамшы Көлбаев тобына қатысы бар: Қырғызстанда Қазақстан азаматына іздеу жарияланды

Qaz365.kz редакциясы

Қырғызстанда қылмыс әлемінің серкесі болған Қамшы Көлбаевтің қылмыстық тобына қатысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматына іздестіру жарияланды

Ашық дереккөзден

Қазақстан азаматы Камалутин Халиков Қамшы Асанбектің (Қамшы Көлбаев) ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Qaz365.kzпорталы Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Арнайы қызметтің дерегінше, Халиков Қарағанды облыстық бокс федерациясын басқарады, құрылыс саласында активтері бар және бұған дейін Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке (ҰҚТ ұйымдастырғаны және Қырғызстаннан тауарды контрабандалық жолмен өткізгені үшін) тартылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, Халиков Көлбаевпен әдейі байланысқа түскен. Ол оның кісі өлтіру, адам ұрлау және қылмыстық ұйымды басқару бойынша сотталғанын біле тұра қарым-қатынас жасаған. Қырғыз арнайы қызметінің мәліметінше, бұл әріптестік Халиковқа Қырғызстанда қолдау табу және бірлескен бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін қажет болған.

Құқық қорғау органдарының ақпаратына сәйкес, Халиков бірнеше рет Көлбаевпен Ыстықкөл облысындағы «Барыс» демалыс базасында кездескен.

Бішкектің Октябрь аудандық соты Халиковқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Бұл шешім сырттай қабылданды – күдікті іздестіруге жарияланды.

Қамшы Асанбек (Қамшы Көлбаев) Қырғызстанда «заңдағы ұры» атанған, Орталық Азиядағы ең ықпалды қылмыс әлемінің өкілдерінің бірі саналды. 2023 жылы Қырғызстан ІІМ арнайы операция барысында оның көзін жойғанын хабарлады. Соған қарамастан, оның қылмыстық тобы әлі де жұмыс істеп тұр, бизнес пен мемлекеттік құрылымдардағы байланыстарын сақтап қалған.